Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданы Октябрьский кентінде екінші республикалық “Бұқтырма балықшысы – 2026” мұз үсті балық аулау фестивалі өтті деп хабарлайды Arnapress.kz облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды шараға 300-ден астам адам жиналса, жарысқа ресми түрде 250 балықшы қатысты. Қатысушыларды Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, өңірде ішкі туризмді дамыту мен бұқаралық спортты қолдаудың маңызын атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Роман Иванов иеленіп, 500 мың теңге ұтып алды. Екінші орынды Владимир Карпенко (400 мың теңге), үшінші орынды Айқын Нұрмұхамбетов (300 мың теңге) жеңіп алды.
BIG FISH номинациясында ең ірі балық аулаған Ғали Темірғалиев жеңімпаз атанды. Сондай-ақ үздік әйел балықшы ретінде Ирина Сламихина марапатталып, оған 100 мың теңге көлемінде арнайы сыйлық табысталды.
Фестиваль аясында қонақтарға арналған мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Сахнада қазақстандық әнші Еркын Нуржанов, кубалық Umberto Project ұжымы және блогер Алга Петербург өнер көрсетті.
Шара барысында Алтай ауданы, Глубокое ауданы, Самар ауданы, Күршім ауданы және Үлкен Нарын ауданы ұсынған киіз үйлерден құралған этноауыл жұмыс істеді. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, жергілікті дәстүрлер таныстырылды. Сонымен қатар фотозоналар, сауда қатарлары мен отбасылық демалыс алаңдары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, фестиваль қысқы туризмді дамытуға серпін беріп, балық аулау мен белсенді демалысты ұнататын жандарды еліміздің түкпір-түкпірінен біріктірді.
Фото: ШҚ облыстың баспасөз қызметі
