Лента новостей

Мекенжай, жылу, жол: Қарағайлыдағы түйткілдер әкіммен кездесуде талқыланды

дроб, блок, жол, жарық, Қарағайлы

Бұған дейін редакциямыз жазған Қарағайлыдағы пәтер тұрғындарының мекенжайдағы "дроб" пен "блок" мәселесіне қатысты түйткілдеріне байланысты Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев халықпен кездесті, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Қарағайлы шағынауданына арнайы барған қала басшысы тұрғындардың жай-күйімен танысып, көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар өз пәтерлеріндегі жағдайды ашық айтып, құжаттандырудағы түсініспеушіліктер, мекенжайдың "блоктан" "дробқа" ауысуы салдарынан туындаған қиындықтар жөнінде пікір білдірді.

Жиынға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы, жылумен қамтуға жауапты мамандар және тиісті сала өкілдері қатысты. Алғаш болып сөз алған қала әкімі мекенжайға қатысты мәселенің шешімі дайын екенін, қажетті құжаттар рәсімделгенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарға қосымша мекемелерді аралап, құжат ауыстырудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, кездесуде тек мекенжай мәселесі ғана емес, шағынауданның инфрақұрылымына қатысты түйткілдер де көтерілді. Тұрғындар жолдың сапасы, көше жарығының жеткіліксіздігі, қоқыс жәшіктерінің ауланың дәл ортасына салынғаны және үйлердегі жылу мәселесі жөнінде шағымдарын жеткізді. Кейбір пәтер иелері үйлерінің суық екенін айтып, тиісті шара қабылдауды сұрады.

Қала басшысы көтерілген әр мәселе назарға алынатынын айтып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әр үйді жеке-жеке аралап, жағдайлармен танысуды тапсырды. Тұрғындар өз кезегінде айтылған уәделердің орындалуын күтетінін білдірді.

Фото, видео: Arnapress.kz.

Просмотров (161)
ТопДок 1