Лента новостей

Түркістан облысында білім саласындағы 14 адамға үкім шықты

білім, жымқыру, білім беру, мектеп

Түркістан облысында Бәйдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz  ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі сілтеме жасап

Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, тергеуді ҚМА-ның Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген. 

“Басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектеп қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған. Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостары мен есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемеақылардың көлемі негізсіз өсірілген”, - делінген хабарламада.

ҚМА-ның мәліметінше, операциялардың заңдылығын көрсету үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген. Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген.

Салдарынан мемлекетке келтірілген залал 583 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеген. Сот үкімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылған.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Фото: жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (153)
ТопДок 1