Лента новостей

Семей мектептеріндегі тегін ыстық тамаққа қатысты ата-аналардың шағымы: мәзір Денсаулық сақтау басқармасымен бекітіледі

тегін ас, мектеп, ас мәзірі, Абай облысы

Редакцияға Семей қаласының бірқатар тұрғындарынан, әсіресе 1-4 сынып оқушыларының ата-аналарынан мектепте тегін ұсынылатын ыстық тамақтың дәміне қатысты өтініштер мен шағымдар түскен еді. Олардың айтуынша, бастауыш сыныптағы кей балалар асхана тағамын "дәмсіз" деп бағалап, ішуден немесе жеуден бас тартатын жағдайлар кездеседі.

Осыған байланысты Arnapress.kz тілшісі қалалық білім бөліміне ресми сұрау жолдаған болатын. Олардың мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Семей қаласының жалпы білім беретін мектептерінде жекелеген санаттағы оқушыларға арналған перспективалық ас мәзірі Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бекітіледі. Бұл мәзір Абай облысының барлық мектептерінде бірдей қолданылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алушылардың берілген санаттарына қаржылай және материалдық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Атап айтқанда, тегін тамаққа мыналар жатады: атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардың балалары, АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардың балалары, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын өзге санаттағы білім алушылар.

Қала мектептерінде 1-4 сыныптарда 20 294 оқушы, ал 5-11 сыныптарда 2 215 оқушы 100 пайыз тегін тамақпен қамтылған. Бір балаға шаққандағы тамақтану құны күніне 696 теңгені құрайды.

Ыстық тамақ ұйымдастырылған мектептерде мектептік бракераж комиссиялары жұмыс істейді. Комиссия құрамына мектептің ата-аналар қауымдастығының өкілдері, мектептің медицина қызметкері, директор және тамақтандыруды ұйымдастыруға жауапты директордың орынбасары кіреді. Комиссия білім алушылардың тамақтану сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді.

Мәзір Қазақстан Республикасы Үкіметі 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысының 15-қосымшасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 21 желтоқсандағы "Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленеді.

Тамақтану стандартында балаларды қауіпсіз, сапалы әрі теңгерімді аспен қамтуға бағытталған заманауи халықаралық талаптар ескерілген. Атап айтқанда, құжатта тұз, қант және май мөлшерін азайту, көкөніс пен жеміс-жидек үлесін арттыру, табиғи емес өнімдерді мәзірден алып тастау қарастырылған.

Стандартта ерекше диеталық қажеттіліктері бар оқушыларды тамақтандыру жөнінде ұсынымдар берілген. Бұдан бөлек, ас блогы жоқ шағын жинақты мектептерде тамақтануды ұйымдастыру талаптары да айқындалған.

Құжатқа алғаш рет "Желінбеу индексі" ұғымы енгізілді. Бұл көрсеткіш - тамақтанудан кейін тәрелкелерде қалған тағам қалдықтарының көлемінің ұсынылған тағамдардың жалпы көлеміне пайыздық қатынасы.

Мамандардың айтуынша, жаңа Тамақтану стандартын енгізу білім беру ұйымдарындағы ас сапасын арттырып, балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі қадам болмақ.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (790)
ТопДок 1