Лента новостей

Семейдегі автобус жүргізуші Айжан: “Арттарынан қоқыс тастап кетеді, жүрегім ауырады"

автобус жүргізуші, әйел, қоқыс, өтініш

Автобус жүргізетін әйелдер елімізде некен-саяқ, солардың бірі - Семей қаласының 5‑ші маршруттың жүргізушісі Айжан Токсейітова. Аrnapress.kz тілшісі оның еңбек жолымен танысып қайтты.

"Мен Шар ауданы, Жайма ауылында дүниеге келдім. Сол ауылда 11 жыл оқып, 1991 жылы мектепті бітірдім. Кейін Шәкәрім университетінде ауылшаруашылық өнімдерін басқару мамандығын тәмамдадым, бірақ диплом сол қалпы қалды – еңбек жолым басқа салада басталды", - дейді Айжан.

Кейін өзіне жеке микроавтобус сатып алып, оны жүргізуші жалдап, өзі кондуктор болған. 

“1996–1997 жылдары ол жолаушылар тасымалында кондуктор болып жұмыс істедім. Техникаға жақын болуынан автобусты жүргізу саласы жанымп жақын. Бірақ, 2005-2006 жылдары туыстарым “әйел адамға бұл жұмыс ауыр” деп қоймаған соң, Семейдегі 33618 РЦ авияда келісімшарт бойынша әскерге барып, қызмет еттім. Кабинеттегі жұмыс ұнамай, кабинетке сыймай, қайта автобусты жүргізу саласына оралдым”, - дейді кейіпкеріміз. 

Басында жеке газель сатып алып, қала сыртындағы ауылдарға адамдар тасыған екен. 

“Ауылдарға адам тасып, 2015 жылы Таксопаркте 32‑ші маршрутта жүргізуші болып шықтым. Кейін 1‑ші маршрутқа ауыстым, ал 2023 жылдан бері 5‑ші маршрутты басқарамын», - дейді ол.

Айжанның айтуынша, жолаушыларға өкпесі де бар: "Күнделікті көптеген адамдарды тасымалдап, оларды мақсатына жеткіземіз. Ал автобусты тазалайтын кезде қоқыстарды көріп жүрегің ауырады. Көбіне адамдар үйден алып шыққан қоқыстарын автобустың ішіне тастап кетеді".

 

Оның жұмысы таңғы 3:30‑да басталып, түнгі 00:00‑ге дейін созылады. Автобусты жуып, ертеңге дайындап, механикке тапсырады. Айжанның сөзінше, бұл – нағыз таза еңбек.

Қазір қаламызда көліктер көп, жеңіл автокөліктер автобус алдынан қиып өтпеуін өтінеді. "Авариялық жағдайлар болады. Жолаушылар толық, бала-шаға, кәрілер бар. Біз бірден тоқтауға мәжбүрміз, сосын бізді кінәлап, айыппұл төлейміз", - дейді Айжан.

Гүлнұр Ахметжан

 

Просмотров (408)
ТопДок 1