21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Абай облысының әкімі Берік Уәли сала мамандарымен кездесіп, кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек етіп, жоғары кәсіби шеберлігімен көзге түскен бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар мен марапаттар табысталды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары және түрлі төсбелгілер бар.
Аймақ басшысы мәдениеттің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, руханият саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Салтанатты жиында бірқатар мәдениет қайраткерлері жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, "Әмре Қашаубаев" атындағы филармония әртісі Аманжол Самыков пен "Абай атындағы театр" әртісі Азамат Нұрғамыс "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері" атағын алды.
Ал Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты мен "Алтын барыс" төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ сала үздіктеріне "Еңбек ардагері" медалі, "Мәдениет саласының үздігі" және "Абай облысына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгілері табысталды.
Марапат иелері мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін облыс басшылығы мен көпшіліктің алғысына бөленді.
Фото: Абай облысының әкімдігінің баспасөз қызметі
