Лента новостей

Қазақстанда енді әр лагерь бес жылдық лицензиямен ғана жұмыс істейді

лагерь, демалыс, оқушылар

Қазақстанда балалар лагерьлеріне қойылатын талап күшейтілді. Енді еліміздегі балалар сауықтыру орталықтары бірыңғай стандарт бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап алғаш рет балалар лагерьлерін лицензиялау жүйесін енгізді. Бұл бастама балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруға бағытталған.

Жаңа жүйеге сәйкес, лагерьлер бес жыл мерзімге лицензия алады. Бұл құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін азайтып, ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау да жүйелі түрде жүргізіледі.

Енді балалар сауықтыру орталықтары арнайы талаптарға сай болуы тиіс. Атап айтқанда, лагерьлерде білім беру және сауықтыру бағдарламалары, білікті педагогтар мен медицина қызметкерлері, қауіпсіздік жүйесі және санитарлық талаптарға сай инфрақұрылым болуы міндетті.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер талапқа сай келмейтін бейресми лагерьлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде балалардың қауіпсіздігі артып, көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түспек.

Қазір өңірлерде ведомствоаралық штабтар құрылып, лагерьлердің жазғы маусымға дайындығы тексерілуде. Ал лицензия беру жұмыстарын Оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету департаменттері жүргізіп жатыр.

Фото: ЖИ

Просмотров (89)
ТопДок 1