Лента новостей

Семейлік грек-рим күрес жүлдегері: “Финалда бар күш-жігерімді жұмсадым”

грек-рим, күрес, күміс жүлде, Абай облысы

2026 жылдың 21 ақпаны мен 2 наурызы аралығында Астана қаласында грек-рим, әйелдер және еркін күрестен U17 және U20 жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Аrnapress.kz.

Аталған жарыста өңіріміздің намысын қорғаған Тайгулина Махаббат әйелдер күресінен 76 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Осы орайда редакциямыз жас спортшымен тілдесіп, әсерін сұрады.

“Мен Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданындағы Самар ауылында дүниеге келіп, сол жерде өстім. Бала кезімнен мақсатшыл болдым. Күреспен 10 жасымда, бастауыш мектептің 4-сыныбында оқып жүргенде айналыса бастадым. Содан бері спорт менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Жаттығу, табандылық және өзіме деген сенім мені алға жетелеп, күн сайын шыңдала түсуіме көмектеседі”, – дейді Махаббат.

Спортшының басты мақсаты – күрестен Азия және әлем чемпионы атану.

“Арманыма жету үшін аянбай еңбек етуге, қиындықтарды еңсеруге дайынмын. Елімнің абыройын асқақтатып, табандылық пен еңбектің үлкен жеңістерге жеткізетінін дәлелдегім келеді”, – дейді кейіпкеріміз.

Махаббаттың айтуынша, Астанадағы жарыс оңай болмаған.

“Жарысқа жан-жақтан мықты спортшылар жиналды. Финалда ерекше сезімде боласың, өзіңе деген сенім арта түседі. Бірінші орын алу үшін бар күшімді салдым”, - дейді күміс жүлдегер.

Фото: кейіпкерімізден

Просмотров (207)
ТопДок 1