Лента новостей

Камералар мүмкіндігі кеңейеді: жүргізушілер білу керек тәртіп

жол ережесі, тәртіп, телефон, белдік,

Қазақстанда 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның түсіндіруінше, аталған өзгерістер қаңтар айында қабылданған Цифрлық кодекс аясында енгізілген. Негізгі мақсат - заманауи техникалық шешімдерді пайдалану арқылы жол қауіпсіздігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін күшейту. Жаңа тыйымдар енгізілмейді.

ІІМ мәліметінше, бұрыннан бар құқық бұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі. Егер осы уақытқа дейін рөлде отырып телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау деректерін полиция қызметкерлері тіркесе, енді мұндай заңбұзушылықтарды арнайы техникалық құралдар арқылы автоматты түрде анықтауға мүмкіндік бар. Яғни заң талаптары өзгеріссіз қалады, тек оларды тіркеу тәсілдері жаңартылады.

Бұған дейін автоматты режимде алты түрлі құқық бұзушылық тіркелетін: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңбалары талаптарын сақтамау, тоқтау және тұру қағидаларын бұзу, озу және жолдың жүру бөліктерінде орналасу қағидаларын бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Қалған құқық бұзушылықтар тек полиция қызметкерінің қатысуымен рәсімделетін.

Енді заңнамада құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі қарастырылған:

- қолданыстағы бейнекамералар арқылы;
- автоматты тіркеу жүйелері арқылы (арнайы өлшеуді қажет етпейтін бұзушылықтар, мысалы, рөлде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау);
- Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен біріктірілген мемлекеттік деректер базалары арқылы. Бұл техникалық байқау мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің болмауы, қаруды сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы секілді деректерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заңнамада ескерту көзделген құқық бұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын мұндай жағдайда полиция қызметкерінің қатысуы және материалды қолмен рәсімдеу талап етілетін. Мәселен, жолда кептеліс тудыру немесе сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау деректері бойынша ескерту автоматты түрде берілуі мүмкін.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (388)
ТопДок 1