Лента новостей

ҚТЖ "Астана – Талдықорған" жаңа теміржол бағытын іске қосты

пойыз, жаңа, Астана-Талдықорған

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы елорда мен Жетісу облысының орталығын байланыстыратын жаңа "Астана – Талдықорған" жолаушылар пойыз бағытын іске қосты, деп хабарлайды Arnapress.kz КТЖ сілтеме жасап.

Бұл бастама тұрғындардан түскен бірқатар өтініштер негізінде жүзеге асырылып отыр. Жаңа бағытта заманауи RWS Wagon үлгісіндегі вагондар қатынайды. Құрамда екі купе және екі плацкарт вагоны қарастырылған.

Жаңа бағыттың ерекшелігі - пойыздың күн ара қатынауы. Астанадан шыққан құрам алдымен №122/121 "Нұрлы жол – Семей" пойызының құрамында жүреді. Кейін Ақтоғай бекетінде №631/632 "Ақтоғай – Талдықорған" пойызына тіркеліп, соңғы станцияға дейін жеткізіледі.

Кестеге сәйкес, Астанадан (Нұрлы жол станциясы) пойыз 9 сәуірден бастап тақ күндері сағат 06:32-де жолға шығады. Талдықорғанға келесі күні 11:05-те жетеді. Ал кері бағытта пойыз 10 сәуірден бастап жұп күндері сағат 12:15-те аттанып, Астанаға 19:30-да келеді. Жалпы жол жүру уақыты шамамен 28 сағатты құрайды.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ мәліметінше, жаңа 45-үлгідегі вагондар заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. Ішкі интерьері тозуға төзімді материалдардан жасалып, климат-бақылау, ауа тазарту жүйесі, жиналмалы жатын орындар, USB-порттар, 220В розеткалар, Wi-Fi, LED-жарықтандыру және жылу оқшаулау жүйелерімен қамтылған. Сондай-ақ қауіпсіздік үшін бейнебақылау, өрт сөндіру жүйелері мен кондиционерлер орнатылған. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін дыбыстық ақпарат беру жүйесі мен электронды таблолар да қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай жаңартулар көлік саласындағы қызмет сапасын арттырып, өңірлер арасындағы қатынасты одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.

Фото: КТЖ

Просмотров (222)
ТопДок 1