Лента новостей

Павлодарлық бір жанұя - бір ауыл тағдырын өзгертті

Ауыл, Айжан, еңбек, Кузьмино

Еңбек түбі - береке. Иә, кішкентай ауылдан қашпай, қорықпай сол ауылда тіршілігін жасап жүрген, ол ғана емес, ауыл мектебінің жабылып қалмауына атсалысқан Айжан Каркеновамен сұхбаттасып, ауыл тынысымен таныстық.

“Мен Павлодар қаласында туып-өстім, №1 мектепті аяқтадым. Кейін ИнЕУ университетіне түсіп, биотехнолог мамандығын меңгердім. Университеттен кейін КамАЗ көліктерімен жүк тасымалы саласында жұмыс істей бастадым. Бұл оңай емес, ер адамдарға тән кәсіпте жанымда әрдайым әкем болып, 7 жыл бойы үлкен қолдау көрсетті”, - дейді Айжан.

2016 жылдың соңында болашақ жарымен танысып, қызықтың бәрі сол кездерде басталған.

“Ол қарапайым ауылдың жігіті еді. 2017 жылдың наурыз айында тұрмысқа шығып, ауылға көшуге шешім қабылдадым. Кузьмино ауылы Павлодар қаласынан 220 шақырым жерде орналасқан. Жолды жақсы көретін адам ретінде бұл маған алыс болып көрінген жоқ. 2017 жылдың соңында тұңғыш ұлым Исмаил дүниеге келді, 2019 жылы ұлым Ибрагим туды. Сол кезде қолымызда 10 сиыр болды, кейін шаруашылықты кеңейтуді шештік”, - деп өз сырымен бөлісті кейіпкеріміз.

Қазақтың ақбас тұқымды 20 ірі қара малын несиеге рәсімдеп, тәуекелге бел байлаған.

“Қазақта “әр бала өз несібесімен келеді” деген сөз бар ғой — расында да, әр баламен бірге шаңырағымызға жаңа мүмкіндіктер келіп отырды. 2022 жылы қызымыз дүниеге келді. Сол жылы ҚазАгроФинанс арқылы жаңа трактор мен шөп престейтін құрал алдық”, - дейді Айжан қуана еске алып.

Ауылдың жүрегі - мектеп. Ол жабылса, ауыл тіршілігін елестету қиын. Осы бағытта Айжан барын салып, үй сатып алып, балалар санын арттыруға күш салған.

“2023 жылы ауыл мектебінде оқушы саны күрт азайып, бір ғана бала қалды. Мектеп жабылып қалуы мүмкін деген қауіп туды. Егер мектеп жабылса, біз де көшуге мәжбүр боламыз ба деген уайым болды. Себебі жаңа ғана шаруашылықты дамытып келе жатқан едік. Сол жылы жолдасым екеуміз үй сатып алып, көші-қон бағдарламасы арқылы 7 баласы бар көпбалалы отбасын ауылға көшіріп әкелдік. Олар мектептің жабылмай қалуына себеп болды. Бірақ бір жылдан кейін бұл отбасы қайта көшіп кетті”, - дейді кейіпкеріміз.

Осындай жағдайдан кейін Айжан жай ғана үйі бар адамдарға емес, осы ауылды өз үйім деп қабылдайтын, шынымен мұқтаж аналарға көмектесу керек деген ой түйген.

“Осылайша біз жолдасым Иззат Камзин екеуміз бос тұрған үйлерді сатып алып, ауыл тұрғындарының көмегімен жөндеу жұмыстарын жүргізе бастадық. 2024 жылдың қыркүйек айында бізге 4 отбасы көшіп келді — жалпы 12 бала. Ал 2025 жылдың маусымында тағы бір ана 4 баласымен келді. Осы жобамызды “Ты — не одна!” деп атадық”, - дейді Айжан Каркенова.

Айжан 2024 жылы тағы бір маңызды шешім қабылдап, ауылға келген аналарды жұмыспен қамту үшін жаңа бағытты дамытуды қолға алған.

“Сол жылы “Одно село — один продукт” байқауына қатысып, финалист атандым. Маған 5 миллион теңге көлемінде грант берілді. Осы қаражатқа біз құс шаруашылығына қажетті жабдықтар сатып алдық: құстарды азықтандыру және суару жүйелері, инкубатор, қауырсын жұлатын құрылғы және өзіміздің шағын ыстау пешіміз бар. 1500 қаз әкеліп, өсіріп шығардым.

"Жолдасым екеуміз аналарға тәулік бойы қолдау көрсетеміз, үнемі байланыстамыз. Сол себепті олардың әрқайсысының қабілетін, дарынын байқай аламыз. Адамда білім болмаса - ол қажетсіз деген сөз емес. Әрқайсысына мүмкіндігіне қарай қолдау көрсетеміз: біріне бұзау бердік, біріне құс. Мысалы, Галя есімді ана бау-бақшамен айналысқанды жақсы көреді. Біз оған 5 қап картоп бердік, нәтижесінде ол 80 қап өнім жинап алды. Оның бір бөлігін сатып, қалғанын қысқа сақтап қойды”, - деді кейіпкеріміз.

Сонымен қатар, Айжанның айтуынша, отбасыларға отын, көмір жағынан да көмектеседі. Ауыл әкімдігі де қолдау білдіріп, кішкентай балалары бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаған.

“Павлодар қаласының тұрғындары да шет қалмай, киім-кешек, тұрмыстық техника, аяқ киіммен көмектесіп жатады. Мен жеке өзім қаржы жинауға қарсымын. Себебі мен үшін атым мен сенім — бәрінен қымбат. Алланың қалауымен, барлығын адал еңбектің арқасында, ақырындап дамытып келеміз”, - деді Айжан Каркенова.

Ауылдағы мектеп жабылып қалмауы үшін бір отбасы балалар үйінен бала асырап та алған. Бұндай жауапты іске Айжанның отбасы да бейжай қарамай, өздері де үлес қосқан.

“2024 жылы балалар үйінен Евгения есімді қызды отбасымызға қабылдадық. Ұлты орыс болса да, жүрегі қазақ. Қазір маған қолғабыс етеді: нан пісіреді, бауырсақ жаяды. Мен оған қуырдақ пен бесбармақ жасауды үйреттім. Биыл тіпті менімен бірге Ораза да ұстады. 2025 жылы тағы бір ұлымыз дүниеге келіп, біз 5 баланың ата-анасы атандық”, - деді Айжан.

Қазіргі уақытта 4 үй сатып алып, мұқтаж отбасыларға тегін берген Айжанның еңбегін ауыл тұрғындары жоғары бағалайды. Кейіпкеріміз түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған.

“2025 жылы BI Group компаниясы ұйымдастырған “Достойный гражданин Казахстана” байқауында жеңімпаз атанып, пәтер иелендім. Сондай-ақ, республикалық “Парыз” байқауында “Жылдың үздік әлеуметтік жобасы” номинациясы бойынша жеңіске жеттім. Бұл да еңбектің ақталғаны шығар”, - дейді Айжан.

Кузьмино ауылында биыл ауыл кіреберісіндегі жолға асфальт төселеді деп күтілуде. Айжан ауылға әлі де үлес қосуды жалғастыратынын айтады.

“Алдағы уақытта ауылымызда Мәдениет үйі болса деген үлкен арманымыз бар. Бұл жерде балалар мен аналар жиналып, түрлі іс-шаралар өткізіп, бірге уақыт өткізе алар еді. Қазіргі таңда ауылда 32 бала бар, оның 22-сі мектеп пен балабақшаға барып жүр. Сонымен қатар, біз мұқтаж жандарға көмектесуді жалғастырғымыз келеді. Қазіргі таңда бос үйлер аз қалды. Сол себепті болашақта 5 жаңа үй салу жоспарда бар. Ең бастысы – сенім. Мүмкін, осы игі іске қолдау білдіретін демеушілер де табылар. Себебі қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қымбат екені белгілі. Бұл жобаның ең үлкен артықшылығы – осы балалардың көпшілігі балалар үйіне түсу қаупінде болған. Бірақ олар аналарының жанында қалды. Ауыл өмірі арқылы олар еңбекке бейімделіп, түрлі дағдыларды меңгереді. Бұл – олардың болашағына берік негіз”, - дейді кейіпкеріміз сөз соңында.

Айжан Каркенованың бастамасы - бір ғана отбасының емес, тұтас бір ауылдың тағдырына әсер еткен игі іс. Қарапайым ауыл өмірін таңдап, қиындықтан қашпай, керісінше соған шешім таба білген жанның еңбегі бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Ең бастысы - аналар баласымен бірге, ал балалар өз отбасында өсіп жатыр. Бұл - кез келген жетістіктен биік құндылық.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: кейіпкерден

Просмотров (273)
ТопДок 1