Бір ойын арқылы бір өлкенің тарихын білуге болады. Павлодарлық бесінші сынып оқушысы қызықты жоба ұсынды. Жобаның мән-жайын білу үшін Arnapress.kz тілшісі ұстазымен байланысқа шықты.
Дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейдің оқушысы Богдан Питраков республикалық "Зерде" байқауының облыстық кезеңінде өз жобасын таныстырды.
"Интерактивті ойын "Tugan Jer" оқушыларды Павлодар облысының 8 ауданы мен Қазақстанның 5 қаласының тарихы, географиясы және көрікті жерлерімен таныстырады. Оның ерекшелігі – тапсырмалар үш тілде ұсынылған: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Бұл оқушыларға өз елдері туралы көбірек білуге ғана емес, сонымен қатар көптілділік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді", - дейді жоба жетекшісі, ұстаз Ирина Шевченко.
Зерттеу жұмысының өзектілігі – интерактивті ойын жергілікті өлкетану элементтерін, көптілді білім беруді және цифрлық технологияларды біріктіреді. Бұл қазіргі білім беру талаптарына сай болып, оқушыларды патриоттық тәрбиелеуге ықпал етеді.

Богданның ұстазының айтуынша, бұл үлкен ізденістің нәтижесі. Зерттеу жұмысының мақсаты – интерактивті "Tugan Jer" ойынын әзірлеу және апробациялау арқылы өңірдің тарихи, географиялық ерекшеліктерін заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып үйренуге арналған инновациялық құрал ретінде пайдалану. Алайда бұл тек ойын ғана емес.
“Бұл – оқушының өз бастамасынан туған жоба. Богдан өте ізденімпаз, білімге құштар бала, ол бірнеше жылдан бері Павлодардағы "География үйіне" (жетекшісі – Александр Вервекин) қатысып, туған өлкесінің тарихын зерттеп келеді. Богданның барлық бастамаларына ата-анасы үлкен қолдау көрсетіп, оның шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосып отыр”, – дейді ұстаз.
Ұстазының айтуынша, жоба барысында Богдан тарихшылармен, археологтармен кеңесіп, облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің мамандарымен жұмыс істеп, "Фарватер" Ертіс өлкетану академиясына қатысты. Бүгінде Богдан республикалық "Менің бастамам – менің Отаным" атты шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде І орын алып, республикалық деңгейге жолдама алды. Қазіргі таңда нәтижесін күтіп отыр.

Шығармашыл балаларға арналған № 8 мектеп-лицейінің оқушылары, М.М. Қатаев атындағы мектепшілер сарайының тәрбиеленушілері және Павлодар География үйінің қатысуымен өткізілді. Нәтижесінде ойынның тиімділігі мен оның әрі қарай таралу перспективалары анықталды. Сонымен қатар, жоба Қазақстанның басқа өңірлеріне масштабтау және бейімдеу мүмкіндіктерін ашады. Болашақта "Tugan Jer" интерактивті ойыны елдің әртүрлі облыстарын және қалаларын біріктіретін цифрлық өлкетану кешенінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Жобаға QR код арқылы өтіп, өз бағыңызды сынап көреңіз болады!
Гүлнұр АХМЕТЖАН
Фото: Ирина Шевченко
