Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы-нда ауа райының қолайсыздығына және әуе компанияларының операциялық себептеріне байланысты бірқатар рейстер кешігіп жатыр. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады дейді Arnapress.kz
Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омбы бағыттарына ұшатын 11 рейс кешіктірілген.
Әуежай мәліметінше, оның ішінде 2 рейс әуе компаниясының өндірістік себептеріне байланысты, 3 рейс әуе кемесінің ауыстырылуына байланысты кешіккен. Қалған рейстердің кешігуіне борттың кеш келуі себеп болған.
Сонымен қатар Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омбы бағыттары бойынша 9 рейс кешіктірілген. Оның 2-еуі Астанадағы метеожағдайға байланысты, ал қалғандары әуе кемелерінің кеш келуінен бөгелген.
Бұдан бөлек, үш рейс тоқтатылған. Астанадағы қолайсыз ауа райының салдарынан тағы 8 рейстің ұшуы тоқтатылды.
Синоптиктердің болжамынша, 10 наурызда Астана қаласында көшпелі бұлт шығып, ақ түтек боран соғады. Солтүстік-батыстан секундына 9–14 метр жылдамдықпен жел соғып, кей жерлерде оның екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
