Лента новостей

Өскемен тұрғындары қоқыс шығаратын компанияға берешек

қоқыс, қарыз, Өскемен

Өскеменде тұрғындардың қоқыс шығару қызметіне берешегі 247 миллион теңгеге жеткен. Коммуналдық мекемелердің мәліметінше, келісімшартқа отырған әр бесінші тұрғын төлемді уақытында жасамайды. Бұл жағдай қала тазалығына да кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz 24kz сілтеме жасап.

Қалада тұрмыстық қалдықтарды шығарумен екі компания айналысады. Олармен 220 мыңнан астам тұрғын келісімшартқа отырған, бұл қала халқының шамамен 60 пайызы. Алайда қызметті пайдаланғанымен, ақысын төлемейтіндер де аз емес. Соның салдарынан тұрғындардың берешегі 247 миллион теңгеден асып кеткен.

Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, қарызды өндірудің негізгі жолы – сот арқылы қайтару. Бірақ бұл процесс ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан мекемелер қоқыс шығаруды тоқтата алмайды.

Коммуналдық компания директорының орынбасары Назгүл Сейтенғазинаның сөзінше, қарызды қайтару тек сот орындаушылары арқылы жүргізіледі.

Тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысы үздіксіз жүргізілуі керек. Себебі біз қала тазалығын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қарыз бар деп қызметті тоқтатып қоюға болмайды, өйткені бұл үлкен мәселе тудыруы мүмкін, - дейді ол.

Әсіресе көпқабатты үйлерде берешек көп жиналған. Кейбір пәтер иелерінің қарызы 170 мың теңгеге дейін жеткен. Жеке сектордағы жағдай да күрделі. Бұл аудандарға қоқыс жинайтын арнайы техника аптасына екі-үш рет келеді. Соған қарамастан, кейбір тұрғындар келісімшарт жасамай-ақ қызметті пайдаланып отыр.

Қала тұрғыны Айгүл Етекбаеваның айтуынша, кейде қоқыс уақытында шығарылмай, жел соққанда жан-жаққа шашылып кетеді.

Бұл тек коммуналдық компанияның емес, тұрғындардың да жауапкершілігі деп ойлаймын. Қызмет ақысын уақытында төлеу керек. Өйткені бұл салада көптеген техника мен адамдар жұмыс істейді, - дейді ол.

Мамандардың айтуынша, берешек көбейген сайын коммуналдық мекемелердің жұмысы да қиындай түседі. Шығын көбейіп, кіріс азаяды. Бұл өз кезегінде қала тазалығына әсер етеді.

Соған қарамастан, коммуналдық кәсіпорындар техникалық базасын жаңартуға тырысып жатыр. Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың айтуынша, өткен жылы қалаға мың жаңа контейнер орнатылған.

Күл-қоқыс шығаратын кәсіпорындар арнайы көліктерін жаңартып жатыр. Биыл тағы 5-6 техника сатып алу жоспарланған. Бірақ мұның бәрі қомақты қаражатты талап етеді, - дейді ол.

Қалада тағы бір мәселе – ірі көлемді қалдықтардың жиналып қалуы. Контейнер алаңдарының маңында ескі жиһаз, тұрмыстық техника мен қораптар үйіліп жатады. Негізінде мұндай заттарды тұрғындар арнайы көлік жалдап, өздері полигонға жеткізуі тиіс.

Осы мәселені шешу үшін Өскеменде ірі көлемді қалдықтарды жинайтын 20 арнайы алаңқай жабдықтау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қоқыс шығару қызметі үшін ай сайын әр адам 430 теңге төлейді. Коммуналдық мекемелер тарифті көтеру мәселесін де қарастыру қажет деп отыр. Себебі жиналған қарыз толық қайтарылады деген сенім аз.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (176)
ТопДок 1