Лента новостей

Семейде қаржы пирамидасына алданғандар артуда

пирамида, алдау, алаяқтық

Семейде қаржы пирамидасына сеніп, ақшасынан айырылғандардың саны 140-тан асты. Жәбірленушілер арасында көпбалалы отбасылар да бар. Кейбір тұрғындар алаяқтарға ондаған, тіпті жүздеген миллион теңге берген, деп хабарлайды Arnapress.kz. Жетінші арнаға сілтеме жасап

Қазіргі мәлімет бойынша, келтірілген жалпы шығын 1 миллиард теңгеден асқан. Соның бір бөлігі ғана – 222 миллион теңгеден астам қаражат ішінара қайтарылған.

Жәбірленушілердің бірі - семейлік көпбалалы ана Гүлсая Дүйсекенова. Оның айтуынша, 2024 жылы танысы "ақша салсаң, табыс табасың" деп сендірген. Отбасы 15 миллион теңге салып, кейін алданғанын түсінген. Қазір ол бес баласымен бірге туыстарының үйін паналап жүр.

"Таныс адам болған соң сендік. Отбасымыздың жағдайын, балаларымыз бар екенін біле тұра осылай істейді деп ойламадық. Енді сот әділ шешім шығарады деп үміттенеміз", - дейді ол.

Зардап шеккендердің арасында ірі көлемде қаржы салғандар да бар. Солардың бірі 200 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылғанын айтады. Семей қаласының өзінде 141 адам жәбірленуші деп танылған.

Абай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Сәкен Қондыбаевтың айтуынша, қылмыстық іс бойынша жалпы залал 1 миллиард теңгеден асады. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Тергеу мәліметінше, бұл іс бойынша алты адам күдікті ретінде танылған. Оларға Қылмыстық кодекстің қаржы пирамидасын құру және ұйымдасқан топ құру баптары бойынша айып тағылған.

Мамандар тұрғындарды күмәнді қаржы ұсыныстарына сенбей, ақша салмас бұрын мұқият тексеруге шақырады.

Фото: жасанды интеллект

Просмотров (190)
ТопДок 1