Лента новостей

Семейде тұрғын үйдің төбесінен су ақты: мәселені шешу тұрғындардың өз мойнында

су басу, көп қабатты үй, КСК

Әлеуметтік желілерде Семей қаласында су басу жағдайына қатысты тұрғындардың шағымдары көбейіп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz

Желіде тараған жазбалардың бірінде қала тұрғыны өзі тұратын үйдің шатыры ағып, пәтерін су басып жатқанын айтып, көмек сұраған. Оның айтуынша, ол Дулата Бабатайұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің 10-қабатында тұрады. Қазіргі уақытта төбеден су ағып, пәтердің бірнеше бөлмесіне - ванна, зал және дәлізге су кетіп жатқанын жеткізген.

Сондай-ақ тұрғын үйінде кішкентай екі баласы бар екенін айтқан. Оның бірі үш жаста болса, екіншісі небәрі төрт күн бұрын дүниеге келген нәресте екен.

Пікірлерде қала әкімдігінің өкілдері жағдайға қатысты жауап беріп, Дулата Бабатайұлы көшесі, 79 мекенжайы бойынша ақпарат назарға алынғанын мәлімдеді. Айтуларынша, тиісті қызметтерге тексеру жүргізу тапсырылған.

Сондай-ақ жауапты ұйымдар мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдайтынын айтып, тұрғындардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраған.

Осы мәселеге қатысты редакция тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарласып, ресми пікірін білді.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлерде төбеден су ағу сияқты жағдайлар орын алса, жөндеу жұмыстары әдетте тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Яғни, тұрғындар КСК арқылы қажетті шығын көлемін есептеп, жөндеу жұмыстарын өздері ұйымдастырады. 

Жалпы, сондай жағдайға жеткізбес үшін тұрғындардың бірден қаражат төлеуге мүмкіндігі болмаса, тиісті ұйымдар жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізіп беруі мүмкін. Бірақ бұл көмек кредит түрінде рәсімделеді. Кейін тұрғындар жұмсалған қаражатты ай сайын бөліп төлеу арқылы қайтарады.

Айта кетейік, соңғы күндері Семей қаласында қардың еруі мен жауын-шашынның салдарынан кейбір аулалар мен тұрғын үйлерде су жиналу жағдайлары тіркеліп жатыр. Тұрғындар коммуналдық қызметтерден мәселені жедел шешуді сұрауда.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (185)
ТопДок 1