Лента новостей

Жарақаттану өсімі: құрылыс секторында жаңа қатаң шаралар қабылданбақ

құрылыс, шара, жарақат, қауіпсіздік

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарына формалды қарау және негізгі нормаларды елемеу мемлекеттік саясат қағидаттарына қайшы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда құрылыс қарқыны күшейіп, маусым қызған кезеңге жеткендіктен, әрбір нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатаң бақылау қажет.

Бұған дейін Мемлекет басшысы елордадағы құрылыс саласында өндірістік жарақаттану деңгейінің өсуіне назар аударып, жұмысшылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Осыған байланысты еңбек қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізі ретінде 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа конституциялық қағидаттар көрсетілді. Онда адам, оның өмірі мен құқықтары ең қымбат қазына екені бекітілген.

Вице-министр жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарына салғырт қарауына болмайтынын айтып, каска, қауіпсіздік белдігі және еңбек нұсқамаларының сақталмауы адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертті.

Кеңес барысында еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастырмау, қызметкерлерді міндетті сақтандыру және шетелдік жұмыс күшін заңды тарту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бас мердігерлердің қосалқы мердігерлерге бақылауын күшейту қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне деректерді уақытылы енгізуі міндетті екені ескертілді. Бұл талапты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Министрлік өндірістік жарақаттану жағдайларының барлығы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ жүйелі заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттарды қайтарып алу, құрылыс компанияларының лицензияларын тоқтату немесе кері қайтарып алу мәселелері қаралатыны айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен аумақтық департаменттерге құрылыс нысандарында бақылауды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жандандыру және тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.

Фото: ЖИ

Просмотров (145)
ТопДок 1