Лента новостей

Садақтың сыры - сабырда: Маңғыстаулық мерген қыздың нысанаға жетелеген жолы

садақ, мерген қыз, Маңғыстау

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Ұштаған ауылында дүниеге келген садақшы Рима Қайырғалиқызымен Arnapress.kz тілшісі сұхбаттасып, бұл спортқа қалай келгенін, өмір жолымен танысты.

Ол бүгінде қазақ қыздарының қайсарлығы мен табандылығын дәлелдеп жүрген жас спортшылардың бірі. Табиғатпен біте қайнасқан ауыл өмірі, ұлттық рух пен қарапайым тәрбие оның мінезін ерте қалыптастырды. Әбіш Кекілбайұлы білім алған мектептен түлеп ұшқан Рима кейін Ш.Есенов атындағы университетте білім алып, өз жолын спортпен байланыстырған.
Көпшілік үшін садақ ату тосын таңдау болуы мүмкін. Әсіресе қыз бала үшін бұл спорттың қиындығы мен жауапкершілігі аз емес. Алайда Рима үшін бұл - жай ғана қызығушылық емес, жүрек қалауы еді.

“Мектепте оқып жүрген кезден-ақ спортқа қызығушылығым ерекше болды. Кейін осы қызығушылық Ақтау қаласынан алғаш ашылған садақ ату орталығына келгеннен басталды. Иә, көп адам үшін бұл тосын таңдау болды. Себебі қыз бала десе көбіне нәзіктікпен байланыстырады. Ал садақ ату - үлкен тәртіп пен төзімді қажет ететін спорт. Бірақ мен үшін бұл жүрек қалауым еді”, - дейді ол.

Әр спортшының есінде мәңгі қалатын алғашқы сәті болады. Рима үшін де садақты алғаш қолға алған күн ерекше әсер сыйлаған.

“Әрине, ұмытпаймын. Алғаш садақты қолға алған сәтте ерекше толқу болды. Садақты қалай кірістеп, оқты салып атуға дайындаудың өзі бір күш болатын. Бірден үйреніп кетпедім, уақыт қажет болды. Жебені тартқанда өзіңмен өзің қалатындай күй кешесің. Сол сәт менің өмірімді өзгертті деп айта аламын”, - дейді спортшы.

Ауылдан шыққан қыздың үлкен арманға ұмтылуы - табандылықтың белгісі. Оның айтуынша, жетістікке жету жолында сенім мен қолдау ерекше рөл атқарған.

“Маған күш берген - арман мен сенім. Ауылдан шыққан қыздың да әлемдік деңгейге жете алатынын дәлелдегім келді. Сонымен қатар ата-анамның қолдауы мен сенімі үлкен рөл атқарды, - дейді Рима.

Ол үшін садақ ату тек спорт емес. Бұл - адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелейтін ерекше өнер.

“Мен үшін садақ ату - өмір салты. Бұл тек спорт емес. Ол адамның ішкі тыныштығын, мінезін, рухын тәрбиелейді. Себебі садақ атқанда бүкіл ойың бір нүктеге жиналады. Сол сәтте өткен де, болашақ та жоғалады. Тек сен, тыныс және нысана ғана қалады. Бұл медитацияға өте ұқсас. Садақ маған шыдамдылықты, тәртіпті және өзіңе сенуді үйретті. Иә, кейде адамның арманы алыстағы нысана сияқты көрінеді. Бірақ ең бастысы – көздеуді тоқтатпау”, - дейді ол.

Мергендік адамды тек физикалық тұрғыда емес, психологиялық жағынан да шыңдайды. Әр шешімнің дәлдігі мен сабырдың маңызы бұл спортта ерекше сезіледі. Және басты құпиясы - ішкі тыныштық пен сабыр

“Бұл спорт адамды сабырлы, ұстамды әрі жауапкершілігі мол етеді. Себебі бір ғана асығыстық нәтиженің өзгеруіне әсер етеді. Мергендік күнделікті өмірде де көмектеседі. Адам нақты шешім қабылдауды, эмоциясын басқаруды және мақсатына тік қарауды үйренеді. Күш тек құрал болуы мүмкін, бірақ дәлдікті сабыр мен бақылау әкеледі. Адамның іші тыныш болуы керек. Егер ойың шашыраңқы болса, жебе де нысанаға дәл бармайды. Сол сәтте мен тек тынысымды сеземін. Ойымда артық ештеңе болмайды. Бар назарым - нысанада. Иә, әр жебемен бірге қорқынышты да, күмәнді де жеңетіндей сезім болады. Себебі ең үлкен қарсылас - өзің”, - дейді Рима.

Халықаралық жарыстар да оның өмірінде үлкен тәжірибе мектебіне айналған. Әсіресе Түркиядағы турнир жас спортшыға жаңа деңгей сыйлаған.

“Түркиядағы халықаралық турнир маған үлкен тәжірибе берді. Әлемнің мықты спортшыларымен бәсекелесу өз деңгейімді бағалауға көмектесті. Сонымен бірге үлкен додада эмоцияны басқаруды үйрендім. Әр жарыс мен үшін тәжірибе. Халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болдым, ел намысын қорғадым. Бірақ мен үшін ең үлкен жетістік - өзімді күн сайын жеңу. Иә, кей сәттерде жеңіліс қатты әсер етеді. Бірақ дәл сол жеңілістер мені күштірек етті”, - дейді Рима.

Ал оның алға қойған мақсаттары мен жоспарлары да биік, асқақ.

“Ең үлкен арманым - Олимпиадада Қазақстанның туын көтеру және еліміздің әнұранын әлем алдында шырқату. Болашақта ұстаз әрі тәлімгер ретінде де еңбек еткім келеді. Мектеп ашсам,  ол жер тек спорт үйрететін орын емес, рух тәрбиелейтін орта болар еді. Балалар ол жерден тек мергендікті емес, сенімділік пен тәртіпті де үйренсе деймін. Өмірдегі миссиясын тапқан адамда ерекше қуат болады. Ондай адам қиындыққа сынбайды. Мен үшін бақыт - сүйікті іспен айналысу. Жеңіс  соның жемісі ғана”, - дейді спортшы. 

Кейіпкеріміз әңгіме соңында  әр адамның ішінде өз дарыны мен бағыты бар екенін ерекше атап өтті.

“Әр адамның ішінде өз “жебесі” бар деп ойлаймын. Біреудікі - өнер, біреудікі - ғылым, енді біреудікі - спорт. Ең бастысы - оны табу. Егер сондай күн туса, ең бірінші ата-анам есіме түсер еді. Себебі менің әр жетістігімнің артында олардың еңбегі мен дұғасы тұр”, - деп түйіндеді Рима Қайырғалиқызы

Гүлнұр Ахметжан

Фото: кейіпкерден

Просмотров (158)
ТопДок 1