Лента новостей

Абай облысында порностудия ұйымдастырғандар ұсталды – ІІМ адам саудасы деректерін жариялады

қылмыс, сауда, порностудия

Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы күрес және қоғамның моральдық ахуалына кері әсер ететін заңсыз контенттің таралуын тоқтату бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлікке сілтеме жасап. 

Сәуір айында республика аумағында "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оның нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелді. Оның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты.

Атап айтқанда, Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату дерегі анықталды. Тергеу мәліметінше, 25 жастағы әйел баладан бас тартқаннан кейін, қоғамдық қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді бір миллион теңгеге сатпақ болған. Аталған іске қатысы бар үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды пайдаланып, олардың атына жалған несие тарихын жасап, кейін қымбат автокөліктерді рәсімдеп сату схемасы әшкереленді. Қазіргі уақытта негізгі күдіктілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жетісу облысында екі жасөспірімнің ұрланып, бір ай бойы заңсыз ұсталып, мәжбүрлі еңбекке тартылғаны анықталды. Күдіктілер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушілерге қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Сонымен қатар, Абай облысында бірнеше қалада вебкам-бизнеске арналған порностудиялар ұйымдастырған ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар жас қыздарды түрлі жолмен осы қызметке тартқан. Бұл факті бойынша да тергеу жалғасуда.

ІІМ мәліметінше, Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ бірқатар өңірлерде жастарды азғындық сипаттағы әрекеттерге тарту деректері бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, АИТВ жұқтыру фактілері бойынша 15, ал порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, адам саудасына қарсы іс-қимыл, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Фото: ЖИ
 

Просмотров (139)
ТопДок 1