Лента новостей

Семейде сирек ота: алып ісік науқастан алынды

науқас, ота, сәтті

Абай облысындағы Ядролық медицина және онкология орталығында сирек кездесетін, күрделі әрі сәтті өткен операция жасалды, деп хабарлайды Arnapress.kz орталыққа сілтеме жасап. 

Алғашында еш белгі бермеген дерттің салдары күтпеген жағдайға әкелген. Дәрігерлер 47 жастағы пациенттен диаметрі 31 сантиметр, салмағы 6 келіден асатын ірі ісікті алып тастады. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай кейбір аурулардың ұзақ уақыт бойы жасырын түрде дамитынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Пациент бірнеше жыл бойы гинекологқа қаралмаған, себебі өзін толықтай сау сезінген. Тек биыл ақпан айында пневмониямен ауруханаға түскен кезде жүргізілген тексеру барысында ірі өскін анықталған. Кейін ол арнайы ем алу үшін онкология орталығына жолданған. Мұнда келген кезде әйел ішінің үлкеюіне және тәбетінің төмендеуіне шағымданған.

Тексеру барысында дәрігерлер алдымен лапароцентез жасап, құрсақ қуысынан шамамен 7 литр сұйықтық алып, науқастың жағдайын жеңілдеткен. Бұдан кейін бірнеше сағатқа созылған күрделі операция жүргізіліп, салмағы 6200 грамм болатын ісік сәтті алынды.

Негізгі диагноз — сол жақ аналық бездің муцинозды шекаралық ісігі. Мұндай ісіктердің ерекшелігі — ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы. Дәл осы жағдай пациентте де байқалған.

Ота жоғары деңгейдегі командалық жұмыстың нәтижесінде жүзеге асты. Хирургиялық араласуды маммология және гинекология бөлімшесінің аға ординаторы Асем Чалдыбаева жүргізсе, оған дәрігер Зауре Кенжекова ассистент болды. Сонымен қатар анестезиолог-реаниматолог Бауыржан Никомбаев бастаған мамандар да операцияның сәтті өтуіне үлес қосты.

Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Ол дәрігерлердің бақылауында болып, қалпына келу кезеңінен өтуде.

Бұл оқиға профилактикалық тексерулердің маңыздылығын тағы бір рет еске салады. Себебі адам ешқандай шағым сезінбесе де, ағзада қауіпті дерттер дамуы мүмкін. Сондықтан денсаулыққа немқұрайлы қарамай, уақытылы тексеруден өтіп тұру — өмірді сақтаудың маңызды кепілі.

Фото: ЖИ

Просмотров (108)
ТопДок 1