Лента новостей

12 дүркін Қазақстан чемпионы: Семейлік Аяна Исаханның спорттағы тарихы

шахмат, жеңімпаз, Семей

Жақында Щучинск қаласында өткен тоғызқұмалақтан ересектер арасында рапид және блиц түрінен жекелей чемпионатта жүлделі орынға ие болған Семейлік Аяна Исаханмен Arnapress.kz тілшісі байланысқа шығып, жақын танысып, тілдесті.

Исахан Аяна Жарасқызы - тоғызқұмалақтан Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әйелдер арасындаға II дүркін Азия чемпионы, әйелдер арасындағы чемпионаттың күміс жүлдегері, Жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы, Жастар арасында Азия чемпионы.

“Мен Абай облысы, Семей қаласының тумасымын. 11 жыл Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназияда оқып, тәмәмдадым. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2ші курс студентімін”, - дейді Аяна

Тоғызқұмалаққа қызығушылық отбасымда бастау алды, дейді кейіпкеріміз

“Тоғызқұмалақты апайым мен ағамнан үйрендім. Әкем оларды кішкентай кезінде тоғызқұмалаққа берген. Әкемнің өзі де 1997 жылы ойыннан спорт шебері атанған болатын. Апайым мен ағамның жарысқа шыққандарын көріп, жаттығуға баратынмын. Үй ішінде әкем, апайым, ағам үшеуі турнирлар өткізетін, содан менің қызығушылығым артты. Олардың ойынын көріп, қалай жүру керектігін бақылап, тақтаны ашып бастап ойнайтынмын. Әкем қызығушылығымды байқап, баулып, үйретті”, - деп есіне алды Аяна Исахан 

Аяна бапкері туралы ерекше ықыласпен айтып берді

“Алғашқы бапкерім де, қазіргі таңда да әкем. Мені үйреткен кезде зейнетке шыққан еді. Үйірмеге барып та жүрдім. 2017 жылы ШҚО аға жаттықтырушы атандым. Қазіргі таңда Абай облысының аға жаттықтырушысымын”, - дейді тоғызқұмалақшы

Соңғы өткен Республикалық дода жайлы ол былай деді:

“Жақында Щучинск қаласында ересектер арасында рапид және блиц түрінен жекелей чемпионат - жылдың ең маңызды республикалық чемпионаты. Биылғы жылы қыркүйек айында Румыния елінде өтетін Әлем чемпионатына және де шілде айында Чехия елінде өтетін Әлем кубогына іріктеу болған соң, барлығы да мықты дайындықпен келген”

Осы жарыста жолын беріп қойған, қиын қарсыласын мойындап, ол жайлы былай дейді

“Екінші және үшінші орын алғаныма қуаныштымын. Екі жарысқа да іріктеуден өттім. Әрине бірінші орын алуға да болушы еді, бұйырғаны осы болар. Дайындығым ақталды деп ойлаймын. Мен үшін ең қиын қарсылас — тоғызқұмалақтан 12 дүркін әлем чемпионы Далиева Әсел апайымыз бар. Ол кісі қаншама жыл топ I. Рапид түрінде өте сол кісіден ұтылып қалғанмын. Басқа барлық қарсыласпен тең дәрежеде ойнадым”, - деп мойымайды кейіпкеріміз.

Аяна өз жаттығу әдісі туралы да ашық айтып берді

“Әр спортшының дайындығы әртүрлі деп ойлаймын. Кейбіреуі 4 сағат ойнап дайындалады. 6-8 сағатын арнайтындар да бар. Мен партия талдауды жақсы көремін. Сондықтан мен өзімді қинап дайындай алмаймын. Ыңғайлы уақыт болғанда, бір партия есіме түскенде қарап, онлайн ойнағым келсе қалауыммен ойнаймын. Мен содан ләззат аламын”, дейді Аяна.

Бұл ойында шешім қабылдау өте маңызды, дейді Аяна

“Тоғызқұмалақта жеңіске жету үшін стратегиялық ойлау ең маңызды. Себебі ол тек математика емес, әр түрлі тактикаларды қолданып, әртүрлі жағдайларда шешім қабылдауды қажет етеді. Тоғызқұмалақ – дисциплина, тренировка, режимді қажет ететін ойын”

Аяна бұл спорттың өмірін түбегейлі өзгерткенін де атап өтті

“Бұл спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Өзіме өмірлік мақсат таптым. Қазіргі таңда спорт мамандығына оқып жатырмын. Болашақта жаттықтырушы болу, чемпиондар шығару мақсатым бар. Одан басқа елдерді көру деген мүмкіндік бар. Яғни, тоғызқұмалақ әлемнің көптеген елдерінде дамып жатыр. Ұлттық ойынымыз дамып жатыр. Бұл спорт маған өте мықты орта қалыптастырды. Тоғызқұмалақшылар өте интеллектуалды, өте ақылды, тәрбиелі орта. Шыдамдылыққа үйретті. Сабырлылыққа тәрбиеледі”, - дейді Аяна Исахан

Сұхбат соңында спортшы болашақ жоспарымен бөлісті:

“Биылғы жылы өтетін 8ші Әлем чемпионатында 1ші орын алуды мақсат етемін. Әлем кубогында жоғары нәтиже көрсеткім келеді. ҚР-ның 19 жасқа дейін чемпионаты болады, сол жерде жеңісті иемденіп, қараша айында Түркия елінде өтетін 19 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында 3 дүркін әлем чемпионы атану мақсатым”, - деп Аяна сөзін түйіндеді. 

Фото: Кейіпкерден

 

Просмотров (214)
ТопДок 1