Абай облысының аумағында 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында табиғи су ресурстарын қорғау, балық қорын сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Нерест” жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Arnapress.kz полиция департаментіне сілтеме жасап.
Аталған шара аясында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері рейдтік бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат - табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін дер кезінде анықтап, құқық бұзушыларға қатысты заң аясында шара қолдану арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Іс-шара барысында Бородулиха ауданының 40 жастағы тұрғыны Ертіс өзенінің Ақши ауылы маңында қармақпен заңсыз балық аулағаны анықталды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта балықтардың уылдырық шашу кезеңі жүріп жатыр. Бұл – олардың көбеюі мен популяциясын сақтау үшін аса маңызды әрі сезімтал кезең. Осы уақытта балық аулауға заңмен қатаң тыйым салынған.
Сондай-ақ уылдырық шашу кезеңінде қармақ, тор, желпек және өзге де аулау құралдарын қолдану заңсыз болып есептеледі. Бұл талаптардың сақталмауы табиғи ресурстардың азаюына және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Құзырлы органдар тұрғындарды табиғатты қорғау талаптарын сақтауға және заңсыз балық аулаудан бас тартуға шақырады.
Фото: ЖИ
