Лента новостей

Семейде студент жігіт құрылыс алаңында ауыр жарақат алды

қайғылы жайт, студент, қол

Семей қаласында құрылыс алаңында болған қайғылы оқиға салдарынан 20 жастағы студент бір қолынан айырылды, деп хабарлайды Arnapress.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Жергілікті университеттің заң факультетінде 4-курста оқитын Асылжан Кәлелов демалыс уақытында қосымша табыс табу мақсатында құрылыс жұмысына барған.

Оқиға цемент араластыратын құрылғыны тазалау кезінде болған. Жас жігіттің айтуынша, құрылғы кенеттен өздігінен іске қосылып кетіп, оның қолын ауыр зақымдаған. Салдарынан дәрігерлер науқастың қолын кесуге мәжбүр болған.

Жарақат алған студент жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Қазіргі таңда оның жағдайы дәрігерлер бақылауында. Алайда бұл жағдай жас жігітке ауыр психологиялық соққы болғаны айтылуда.

Зардап шеккеннің ата-анасы оқиғаға жауаптылардың тиісті жазаға тартылуын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, оқыс жағдайдан кейін құрылыс алаңынан жауапты тұлғалар хабарласпаған.

Аталған дерек бойынша Абай облысының еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын бастаған. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталғаннан кейін материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

Облыстық прокуратура бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Фото: КТК видиосынан скрин

Просмотров (160)
ТопДок 1