Лента новостей

"Семейде ЖЭО-3 іске қосылса, ұсақ қазандықтар резервке көшеді" – Абай облысының әкімдігі

ЖЭО-3, түтін, қазандық, жылу

Семей қаласы тұрғындарынан, әсіресе жылыту маусымында, аулада және көшеде ыс пен күйенің көбейіп, кейде таза ауада тыныстаудың қиындайтыны туралы шағымдар жиі түседі. Осы мәселеге қатысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов жауап берді деп хабарлайды Arnapress.kz

"Өздеріңізге белгілі, қаламыздағы қазандықтарды аралап шықтық. Оның ішінде жылу электр орталықтарына да бардық. Қазіргі таңда қазандықтардың жұмысы тұрақтанып, жыл өткен сайын қаламыздың ауасы тазарып келе жатыр. Былтыр ыс көбірек байқалған болатын, биыл оның көлемі азайды. Бұл тек қана қазандықтарға фильтр орнату мәселесіне байланысты емес, сонымен қатар жылыту қазандықтарының 100 пайыз жүктемемен жұмыс істеуіне де байланысты. Өткен жылы Республика және облыс әкімінің қолдауымен қаражат бөлініп, соның есебінен биыл тұрғындар жылумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы, орталықтардың жағдайы былтырмен салыстырғанда биыл әлдеқайда жақсы. Орталық пен Ғаббасов қазандықтарында жылу қондырғыларын орнату бойынша жоба өткен жылы жүзеге асырылған болатын. Алайда техникалық ақаулар анықталған соң, мердігер компания оларды өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтірді. Кейбір жағдайларда қара түтін байқалып жатады. Бұл – бір қазандықтан екінші қазандыққа техника ауысқан сәтте, бастапқы кезеңде орын алатын жағдай. Дегенмен пештерді толық қыздырып, бір тәуліктің ішінде мәселе бақылауға алынды. Ал, ЖЭО-3 салынған жағдайда мұндай түйткілдер түбегейлі шешімін табады. Жоба таза көмір технологиясы негізінде жүзеге асырылады. Қуаттылығы 360 мегаватт, 1000 гигакаллория жылу өндіретін жаңа жылу электр орталығы іске қосылса, қаладағы ұсақ қазандықтардың барлығы резервтік режимге (ПМС) көшіріледі. Қазіргі заман талаптарына сай салынатын бұл нысан қаланың оң жағалауындағы жылу тапшылығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді басқарма басшысы.

Фото: Arnapress.kz

 

Просмотров (905)
ТопДок 1