Қазақстанның бірқатар өңірінде 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер қойылады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл шара қар еріп, су тасуы салдарынан жол негізінің осал болуына байланысты қабылданады және жолдардың бұзылуын болдырмауға бағытталған.
Шектеу Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарындағы жалғыз оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қатысты. Бұл ереже 1 мамырға дейін күшінде болады.
Сонымен қатар, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында көктемгі шектеулер қазірдің өзінде енгізіліп, 1 сәуірге дейін қолданылады.
Айта кетейік, шектеулер халықаралық тасымалдарға, жолаушылар көлігіне, азық-түлік, дәрі-дәрмек және төтенше жағдай жүктеріне қолданылмайды.
Фото: жасанды интеллект арқылы
