Лента новостей

Жүргізуші куәлігін заңсыз алу схемасы: бірқатар өңірде жемқорлық фактілері ашылды

жүргізуші, куәлік, жалған, құжат

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстардың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Arnapress.kz. комитетке сілтеме жасап

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектеп қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу барысында заңсыз сыйақы алу мен қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану деректері тіркелген.

Атап айтқанда, Астанада Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының бұрынғы орынбасары азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға және емтиханнан өтуге көмектесу үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Тергеу барысында жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам заңсыз әрекет анықталған.

Сонымен қатар, Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО мен Екібастұздағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалдарының басшылары да заңсыз әрекеттерге барған. Олар жалған тұлғаларды пайдалану арқылы емтихан тапсыру процесін ұйымдастырып, сол үшін ақша алғаны белгілі болды.

Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін теріс пайдаланып, заңсыз табыс тапқаны анықталған.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (163)
ТопДок 1