Лента новостей

Semey Cup: Семейде халықаралық футзал турнирі өтеді

Футзал, Semey cup, халықарал

Семей қаласында Semey Cup атты жыл сайынғы халықаралық футзал турнирі басталады деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі. 

Турнир кәсіби командалар арасында өтеді және футзалды дамытуға, халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған.

Алғашқы турнирге үш команда қатысады. Олар - "Семей", Қарағандының "Тұлпар" клубы және Ресейдің Иркутск қаласынан келген "ИрАэро" командасы.

Турнирдің негізгі мақсаты — кәсіби командалардың спорттық дайындық деңгейін арттыру, клубтар арасында халықаралық бірлік орнатып, тәжірибе алмасу.

“Келесі Semey Cup жазғы маусымаралық кезеңде өтеді деп жоспарлануда. Ол кезде әлемнің үздік футзал клубтарын шақыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, Испанияның "Барселонасы", Португалияның "Спортинг" пен "Бенфика" клубтары, Бельгияның "Андерлехті" және өзге де әйгілі командалар турнирге қатысуы мүмкін”, - дейді ұйымдастырушылар. 

Осы қаңтар айында өтетін әлемдік футзал жұлдыздары, аңыз ойыншылар мен медиа қонақтар қатысатын шоу-матчқа дайындық басталып кеткен екен. 

“Шоу-матчқа қатысатындар қатарында: әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны және "Семей" ойыншысы Лео Игита, әлемнің үш дүркін үздік ойыншысы, Бразилия құрамасымен әлем чемпионы атанған Карлос Феррао, Қазақстан футзалының аңыздары Димаш Сүлейменов, Серік Жаманкулов, Григорий Шамро, Рикардо Кака, Рикардо Какау, Қазақстан футболының аңызы Самат Смаков және өзге де танымал тұлғалар бар”, - деп тоқталды ұйымдастырушылар

Сонымен қатар, турнир аясында әлемнің үздік бапкерлері жас ойыншыларға арналған мастер-класстар өткізеді. Бұл шара өсіп келе жатқан жас буын үшін үлкен тәжірибе алаңы болмақ.

Ойындар кестесі:

• 28 қаңтар, 19:30 — «Семей» – «Тұлпар»

• 29 қаңтар, 18:00 — «Тұлпар» – «ИрАэро»

• 29 қаңтар, 19:30 — шоу-матч

• 30 қаңтар, 19:30 — «Семей» – «ИрАэро»

• 1 ақпан, 17:00 — «Семей» – «ИрАэро»

Semey Cup турнирі Семей қаласының спорттық өміріндегі маңызды халықаралық оқиғалардың біріне айналмақ.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Semey Сup инстаграмм желісінен, жасанды интеллект арқылы

Просмотров (164)
ТопДок 1