Лента новостей

Абай облысының жас ақыны республикалық байқаудағы жеңісімен бөлісті

жас ақын, республикалық байқау, жеңімпаз, Абай облысы жаңалықтары

Абай жері, Абай елі атанған өңірде талантты жастардың көп болуы заңдылық. Солардың бірі – ақын, бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы Азамат Серікұлы. Осы орайда Arnapress.kz тілшісі жас қаламгермен арнайы сұхбаттасып, шығармашылық жолы мен жетістіктері жайлы тілдесті.

Абай облысы, Ақсуат ауданы, Ойшілік ауылының тумасы Азамат Серікұлы әдеби ортада өзіндік қолтаңбасымен танылып келеді. Ол "Рахметолла Райымқұлов – ХХ ғасырдың көрнекті қаламгері" атты республикалық байқауда "Үздік әңгіме" номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Сонымен қатар Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына, Қосшы қаласының 3 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Қосшы деген қала бар – Сарыарқада» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасында бас жүлдені иеленген.

Жас ақын үшін өткен жылдың маңызды белестерінің бірі – 2025 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы. Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен бұл байқау «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткізілді.

Азаматтың айтуынша, байқау қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде бұл шығармашылық дода алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырғанын, жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, шығармашыл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып келе жатқанын атап өткен.

– Аталған байқауға Абай облысы атынан поэзия аталымы бойынша қатысып, І орынды иелендім. Марапатты Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбай, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Талғат Ешенұлы ағаларымыздың қолынан алу – біз үшін үлкен құрмет әрі зор шабыт болды, – дейді жас ақын.

@arnapress

Абай жері, Абай елі атанған өңірде талантты жастардың көп болуы заңдылық. Солардың бірі – ақын, бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы Азамат Серікұлы. Осы орайда Arnapress.kz тілшісі жас қаламгермен арнайы сұхбаттасып, шығармашылық жолы мен жетістіктері жайлы тілдесті. Мақаланы толықтай Arnapress.kz сайтынан оқи аласыздар

♬ оригинальный звук - Arnapress.kz

Бүгінде Азамат Серікұлы шығармашылық ізденісін тоқтатпай, поэзия арқылы ұлттық рух пен туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттауды мақсат етеді. Абай елінен түлеп ұшқан жас таланттың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, қазақ әдебиетіне өз үлесін қоса беретініне сенім мол.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Азамат Серікұлы

Просмотров (272)
ТопДок 1