Лента новостей

"Абай Жастары" бағдарламасы бойынша 30 үміткер өтті

Абай жастары, аяқталды, 30 үміткер

"Абай Жастары" бағдарламасы арқылы 30 үміткер пәтер алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Arnapress.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Семей қаласында 2022 жылдан бері 35 жасқа дейінгі жастарға арналған "Абай Жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама өңір жастарын әлеуметтік қолдауға және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Маржан Мақсутхан мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі — жастарға арналған жеңілдетілген қаржылық шарттардың ұсынылуы. Атап айтқанда, бастапқы жарна 10 пайыз көлемінде белгіленген, ал жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Ипотекалық несие 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл жас отбасылар мен жас мамандар үшін тұрғын үй алу мүмкіндігін едәуір жеңілдетеді.

Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларына тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қатысушылардың жеке қажеттілігі мен қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, өзіне қолайлы тұрғын үйді таңдауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек ететін жастарды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдары мен әскери қызмет саласының өкілдері қатыса алады. 2025 жылға арналған бағдарламаға өтінім қабылдау 2026 жылғы 5–12 қаңтар аралығында жүргізілді. Осы кезеңде барлығы 296 өтінім түсті. Қорытынды әлі жарияланған жоқ. Өтінімдер негізінде алдын ала іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде 30 үміткерге Отбасы банк арқылы төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама берілді. Қазіргі уақытта банк тарапынан қатысушылардың қаржылық жағдайына қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру нәтижесіне қарай қатысушылар тұрғын үйді таңдап, ипотекалық несие рәсімдеу кезеңіне өтеді.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (200)
ТопДок 1