
Тәртіп сақшылар бірқатар тексерістер жүргізді.
Абай облысында "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасы өті, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның аясында полиция қызметкерлері есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бағытында бірқатар тексерістер жүргізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша есірткі құралдары мен психотроптық заттар сақталатын үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзғаны үшін 3 әкімшілік хаттама, фармацевтикалық қызметті және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын жүзеге асыру қағидаларын бұзғаны үшін 1 әкімшілік хаттама, заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет жүргізгені үшін 1 әкімшілік хаттама толтырылды.
"Заңсыз айналымнан 1170 ампула есірткі құралы, 730 грамм және 213 856 таблетка психотроптық заттар, 7,5 тонна прекурсор алынды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 50 жастағы азаматқа қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында әкелу не оларды өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ прекурсорлардың, улы және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 1 факт тіркелді.
Іс-шара барысында 8 дәріхана, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 10 медициналық ұйымы және прекурсорлар айналымымен байланысты 9 ұйым тексерілді, олардың қызметінде заңбұзушылықтар анықталған жоқ.
Полиция заңсыз есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымы қоғамға зор қауіп төндіретінін және заң бойынша қатаң жауаптылыққа әкелетінін ескертеді.
Сурет: Абай облысы ПД баспасөз қызметі