Лента новостей

Абай облысында екі айда 10 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды

полиция қызметкері

Құқық бұзушылықтардың көбі тіркеусіз тұру және шетел азаматтарына қатысты заңбұзушылықтармен байланысты.

Абай облысында қыркүйек-қараша айлары аралығында өтіп жатқан "Учаске" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 9 820 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әсет Өтепов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тәртіп сақшылары өңірдегі тұрғын үйлердің 46 % аралап шыққан. Нәтижесінде 41 мыңнан астам пәтер мен 61 мыңнан аса жеке үй қамтылып, шаруа қожалықтары мен қыстақтардың 57 % тексерілген.
 

"Тексеру жұмыстары барысында 8 бірлік тіркелмеген қару мен 27 оқ-дәрі тәркіленді. Ал аула аралау кезінде полицейлер 4 қыркүйектен бері хабар-ошарсыз деп есептелген Талдықорған қаласының төрт тұрғыны табылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ішінде 1 241 дерек – тіркеусіз тұруға, 76 жағдай – шетел азаматтары тарапынан жасалған құқық бұзушылықтарға, ал 16 факті – жергілікті тұрғындардың шетелдіктерді заңсыз қабылдауына қатысты. Барлық дерек заңға сәйкес қаралып жатыр", - деді Әсет Өтепов.



Сонымен қатар, спикердің баяндамасына сәйкес облыс аумағында 29 наркограффити анықталып, оның төртеуі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Оның барысында өңірдің 700-ге жуық тұрғынына мобильді қосымшалар арқылы онлайн-кредиттерді бұғаттау бойынша көмек көрсетілген.

Сурет: Абай облысы ӨКҚ, Абай облысы ПД баспасөз қызметі 

Просмотров (421)
ТопДок 1