Ақтөбе қаласында оқу орталығының мұғалімі алаяқтық әрекеті үшін сот үкімімен жазаға тартылды, деп хабардайды Arnapress.kz Ақтөбе соттарына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2024–2025 жылдар аралығында оқу орталығында жұмыс істей отырып, екі азаматқа бейіндік пәндерді тереңдетіп оқытатын мектепке конкурстан тыс түсіруге көмектесемін деп жалған уәде берген. Осылайша ол жәбірленушілерден жалпы сомасы 3 миллион 200 мың теңге қаражат алған.
Алайда уәде етілген қызмет орындалмай, нәтижесінде жәбірленушілерге ірі көлемде материалдық шығын келтірілген.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, банк құжаттарымен және өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының шын жүректен өкінуін, келтірілген шығынды толық өтеуін және кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Фото: жасанды интеллект арқылы
