Лента новостей

Семейдегі мектепте қандай тамақ береді: мәзірі мен таңғы ас сапасын тексеріп қайттық

асхана, мектеп, мәзір. тамақ

Бұған дейін ата-аналар балалардың мектеп асханасындағы тамақ сапасына қатысты түрлі пікір білдіріп, кейбірі дәміне көңілі толмайтынын айтқан болатын. Осыған байланысты Arnapress.kz тілшісі Семей қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназия асханасына арнайы барып, таңғы ас барысымен танысып, оқушылармен тілдесіп қайтты.

Таңғы ас уақыты – сағат 10:00. Асханаға жиналған оқушылар алдымен фейс-бақылау жүйесінен өтіп, рет-ретімен орындарына жайғасты. Мәзірде макаронмен тефтели және сүзбеден жасалған бәліш, нан мен компот жазылған. Бірақ сүзбеден жасалынған бәліш берілмеді, себебі сүзбе ашып кеткен деген түсінік берді. Кейбір оқушылардың тәбеті онша ашылмағаны болғандықтан ба, көбі тауысып жемеді. Оқушылар тәртіп сақтап, пайдаланған ыдыстарын арнайы белгіленген орынға қойып жатты.

Мектеп директоры Олжас Сәбитұлының айтуынша, асханада екі түрлі мәзір бекітілген.

"Бірінші мәзір білім және денсаулық сақтау бөлімдерімен келісіліп жасалады. Ол бастауыш сынып оқушыларына, тегін тамақтанатын және аз қамтылған отбасы балаларына арналған. Мәзір екі аптаға жоспарланып, кезектесіп беріліп отырады. Тағам сапасы күнделікті бақылауда. Әр күннің сынамасы сақталады. Медициналық қызметкер, әлеуметтік педагог, тәрбиешілер ас сапасын тұрақты тексеріп отырады. Екінші мәзір - буфеттік мәзір. Бұл қосымша тамақтанғысы келетін оқушыларға арналған. Барлық тағам санитарлық талаптарға сай дайындалады. Тыйым салынған өнімдерге жол берілмейді. Асхана жұмысын бақылау үшін мектепішілік комиссия құрылған. Заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті акт толтырылып, құзырлы органдарға ұсыныс жолданады", – деді мектеп басшысы.

Асхананың тағы бір ерекшелігі  танымдық жоба - "Пайдалы ас". Үстелдерде жеміс-жидек пен тағамдардың пайдасы туралы ақпараттық парақшалар орналастырылған. Мысалы, алманың, қырыққабаттың, ірімшіктің ағзаға тигізер пайдасы, құрамындағы дәрумендер жайлы мәліметтер берілген.

"Бұл жобаның мақсаты – әр оқушы күнделікті тұтынып отырған тағамының құрамын білуі. Экран арқылы көрсетілетін "сөйлейтін суреттер" мен жазбалар арқылы балалар тағам құрамындағы дәрумендермен танысып, пайдалы ақпарат алады. Осылайша олардың дұрыс тамақтануға деген қызығушылығы артады", – дейді бастауыш сынып мұғалімі Назерке Ернатқызы.

Таңғы асын ішіп отырған оқушылар да пікірлерін білдірді.

"Тамақ дәмді болды. Тағамдардың құрамында дәрумендер көп. Балалар оны көңіл-күймен жейді. Бізге ұнайды", - дейді 3-сынып оқушысы.

Тағы бір оқушы:


"Асханамыздағы тамақтар керемет. Күн сайын әртүрлі тағам беріледі. Аспаздарға алғысымыз шексіз", – деп ризашылығын жеткізді.

Жалпы, асхана жұмысы жүйелі жолға қойылғаны байқалады. Тілші де таңғы астан дәм татып, тағам сапасына көз жеткізді. Расында, ас – адамның арқауы. Баланың дұрыс әрі сапалы тамақтануы оның денсаулығына ғана емес, білім алуына да тікелей әсер етеді.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (116)
ТопДок 1