23–25 қаңтар аралығында облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және авариялық жағдайлар деңгейін төмендету мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шараның өткізілуі адам шығынына әкеп соққан ауыр жол-көлік оқиғаларының жиі тіркелуіне байланысты.
- Іс-шара кезінде:
- патрульдік бағыттар саны мен қызметке тартылған полиция қызметкерлерінің саны көбейтіледі;
- облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады;
- жылдамдық режимін сақтау, басып озу және қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілеріне бақылау күшейтіледі;
- заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын тұлғалар мен такси қызметтері тексеріледі;
- елді мекендерде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар, жол полициясы күн сайын жол жамылғысының жағдайын бақылауда ұстайды. Ерекше назар жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге аударылады.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға, мұқият болуға және жолда өзара сыйластық танытуға шақырады. Әрбір адамның қауіпсіздігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығының тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
