Лента новостей

Семейде балалар жүретін қауіпті жол: Северный базар маңындағы жағдай

Семейде балалар жүретін қауіпті жол: Северный базар маңындағы жағдай

Қарағайлы ауданында Северный базар алдындағы жолдың асфальтталмауы тұрғындардың көптен бергі мәселесіне айналды, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Көктем мезгілінде жол саз балшыққа айналып, аяқ алып жүрудің өзі қиынға соқса, қыста жағдай одан сайын күрделене түседі. Қар мен мұз араласқан тайғақ жол жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де айтарлықтай қолайсыздық туғызуда. Кей күндері жеңіл көліктер батып қалып, қоғамдық көліктің қозғалысы да баяулайды.

Аталған жолмен күн сайын Северный аялдамасы арқылы мектепке қатынайтын оқушылар жүреді. Ата-аналардың айтуынша, тайғақ әрі ойқы-шойқы жол балалардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Бұған қоса, бұл аумақта жарық та жоқ. Кешкі және таңғы уақытта жол толықтай қараңғыланып, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері бірін-бірі байқай алмайды.

Сонымен қатар, әкімдік өкілдері Энергетик ауданында жол жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған еді. Алайда дәл осы Северный базар алдындағы жол жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған сияқты.

Тұрғындар жолдың толық асфальтталуын, су ағатын арықтардың ретке келтірілуін, көше жарығын орнатуды немесе қалпына келтіруді, сондай-ақ қысқы кезеңде уақтылы тазалау жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Олардың пікірінше, бұл тек жайлылық емес, ең алдымен — қауіпсіздік мәселесі. Қарағайлы ауданының тұрғындары жергілікті билік өкілдері аталған жағдайға назар аударып, нақты шешім қабылдайды деп үміттенеді.

Гүлнұр АХМЕТЖАН

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (179)
ТопДок 1