Лента новостей

Семейдегі тұрғын үй кешенінде мыңға жуық тұрғын қиын жағдайда қалып отыр: "блоктың" былықпасы мен "дробтың" дауы

Үй

Семей қаласының қарқынды дамып жатқан Қарағайлы ықшам ауданындағы Қарағайлы 74 тұрғын үй кешенінде қоныстанған жаңа тұрғындар бірнеше айдан бері шешілмей келе жатқан бірқатар мәселеге шағымдануда. Бұл үйлерде 1000-ға жуық пәтер бар. Сондықтан проблема ауқымы жеке бір үйдің емес, тұтас аудан тұрғындарының алаңдаушылығын тудырып отыр.
Ал кешенді салған ЖШС тұрғындармен бас кезінде тығыз байланыста болған. Кейіннен әкімдікке тапсырдық деп жауапкершілік алмай кеткен. 

Әңгіменің әлқиссасы – кондоминиум! 

Кешен 2024 жылдың тамызында аяқталып, кезекте тұрған жандар, әкімдік арқылы желтоқсан айында кілттерін алып, 2025 жылдың қаңтарынан бастап көшіп кіре бастаған. Алайда үйді салған мердігер компания кондоминиум құжаттарын рәсімдемей, нысанды тікелей ТҮКШ бөліміне өткізіп жіберген. Соның салдарынан барлық мекенжай "Қарағайлы 74, блок 1,2,3…" деп тіркеліп кеткен.

"Бізге осы таяуда блоктан дробқа ауыстыру жайлы мәліметтер жетті. Неге о бастан солай бірден бекітпеген. Енді дұрыс жазбағаннан қаншама адам зардап шеккелі тұр. Біз кінәлі емеспіз, бірақ құжаттарды қайтадан өзгертуге міндеттеліп отырмыз. Бұл - уақыт, ақша, жүйке. Қаншама мүгедек, зейнеттегі адамдар бар, олар қалай барып құжат мәселесімен жүре алады", – дейді зейнеткер Нұрсағат.

Кондоминиум қалыптастыру үшін мекенжайды "74/1", "74/2" форматына өзгерту қажет. Ол үшін  сатып алу-сату шарттарын, банктік несие және тіркеу құжаттарын, жылжымайтын мүлік анықтамаларын қайта рәсімдеу қажет болады. 

Қате мекенжай мен кондоминиум рәсімделмегендіктен ортақ меншік иелерінің ұйымын құру мүмкін болмай тұр.

Ал ортақ меншік иелерінің ұйымы болмайынша, үй коммуналдық қызметтермен, соның ішінде электр энергиясын жеткізушімен келісімшартқа отыра алмайды. Тұрғындардың айтуынша, қызмет көрсетуші компания қаңтар айына дейін келісім жасалмаса, жарықты сөндіруі мүмкін екенін ескерткен.

Қарапайым мекенжай қатесі мен құжат рәсімдеу кезіндегі салғырттық салдары бүгінде осындай үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр.

Сонымен қатар тұрғындар санитарлық жағдайға қатысты шағым айтады. Қоқыс контейнерлері үй арасындағы ашық кеңістікте балалар ойын алаңдарына тым жақын жерге қойылған. Жазда қоқыстың жағымсыз иісі бүкіл аумаққа тарап, тышқандар мен қаңғыбас жануарлардың көбеюіне себеп болған. 

 "Жазда терезе ашу мүмкін емес. Иіс қолқаны қауып, тышқандар қаптады. Балалар ойына  алаңына бару үшін қоқыс маңынан өтуге мәжбүр", – дейді осы үйдің тұрғыны Дариға Жұматаева. 

Әзірге контейнерді қауіпсіз әрі санитарлық нормаға сай жерге орналастыру туралы нақты шешім қабылданбаған.
 
Осы ретте Arnapress журналисті құрылыс бөліміне хабарласып мән-жайды анықтап білді:

"Бұған дейін жер телімі 15 үйге ортақ болған. Негізінде оны ертерек бөліп тастау қажет еді, алайда бізге дейін жұмыс істеген мамандар бұл жұмысты орындамаған. Қазіргі уақытта жер толық бөлініп, әр үйге жеке телім берілді. Осыған байланысты сәулет бөлімі заңнамаға сәйкес "блок" атауын қалдырмайды. Қалалық әкімнің тапсырмасымен "дроб" болып өзгертілуі тиіс. Құжаттарды ауыстыру үшін тұрғындарға ешқандай шығын шықпайды және ешқайда жүгінудің қажеті жоқ – бәрін өзіміз рәсімдеп береміз. Сәулет бөлімінен қажетті анықтаманы алып, әр үйдің құжатын сол үйдің белсенді өкіліне тапсырамыз, ал ол өз кезегінде тұрғындарға таратады."Жерге орналастыру жобалау институты" мен "Отбасы банк" құжаттарына қатысты мәселелер қаралу үстінде, біз жауап күтіп отырмыз", – деді Абай облысы Семей қаласы құрылыс бөлімі сектор меңгерушісі Біржан Оразаев.

Жауапты бөлім нақты қадамдар жасап жатқаны байқалады. Ең бастысы – құжаттарды қайта рәсімдеу тұрғындарға еш шығынсыз және қосымша әуре-сарсаңсыз орындалғаны қажет. Тиісті органдардан күтіліп отырған жауаптар да уақытында беріліп, бұл жағдай түбегейлі шешілгені жөн. 

Тұрғындардың проблемасы мұнымен шектеліп тұрған жоқ. Кей үйлерде жылу есептегіш құрылғылар орнатылмаған. Ал жаңа 51ші мектеп маңында аялдама жоқ.  Осындай мәселелер мыңдаған адамның тұрмыс сапасына кері әсер ететін факторлар екені сөзсіз.

Ендігі жерде маңыздысы – тұрғындардың мүддесі ескеріліп, қолға алынған жұмыстар толық әрі әділ орындалуы. Arnapress бұл істің жауапсыз қалмауын және тұрғындар үшін тиімді нәтиже шығуын назарда ұстайды.

Гүлнұр АХМЕТЖАН

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (334)
ТопДок 1