Лента новостей

Семейде оқушысын зорлады деп айыпталған ұстаз өмір бойына бас бостандығынан айырылды

сот

Бұл туралы Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлемдеді.

Семейде ұстаз өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі. Оған жас балаға зорлық көрсетті деп айып тағылды.

2025 жылғы 16 сәуірде Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ауыр қылмысқа қатысты істі жабық форматта қарап, шешім шығарды.

"Айыпталушы – Семей қаласының тұрғыны Т., оған ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни жас балаға күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы зорлық көрсету дерегі бойынша айып тағылды.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың шілде айының соңында Т. Семей қаласының оң жағалауында, автокөліктің ішінде жас бала П.-ға зорлық көрсеткен", - делінген хабарламада.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Т.-тың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеп, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тараптың заңды өкілі мен адвокаты бұл талапты толық қолдады.

Ал сотталушы мен оның қорғаушылары кінәні мойындамай, ақтау туралы өтініш білдірді. Дегенмен, сот тергеуі барысында ұсынылған айғақтар мен дәлелдемелер Т.-тың кінәсін растап, оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болды.

"Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп қосты баспасөз қызметінде.

Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сурет: жасанды интеллект көмегімен жасалған 

Просмотров (1911)
ТопДок 1