Лента новостей

Алакөлдегі демалыстың көлеңкелі тұстары: жолдан бастап дәретханаға дейін

Алакөлдегі демалыстың көлеңкелі тұстары: жолдан бастап дәретханаға дейін

Жаз мезгілі басталысымен Алакөлге ағылатын демалушылар саны арта түседі. Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі саналатын көлдің емдік қасиеті көпшілікке белгілі. Биыл Алакөлге Семейден Arnapress.kz тілшісі де барып қайтып, демалыс аймағындағы оң және теріс тұстарды өз көзімен көрді.

Алдымен жол мәселесіне тоқталсақ. Семейден Алакөлге автобус, пойыз және ұшақпен де жетуге болады. Әр адам уақыты мен қалтасына қарай.

Автобустар шамамен 11 сағат жүреді. Алайда ұзақ жолға арналған көліктердің жай-күйі көңіл көншітпейді. Кей орындықтардың арқалығы шалқаймайды, енді бірінің механизмі мүлде істен шыққан. Ұзақ уақыт бойы ыңғайсыз қалыпта отыру жолаушыларға айтарлықтай қиындық туғызады.

Түнгі уақытта автобустың ішкі жарығының бірде жанып, бірде сөніп қалуы да жолаушыларға, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдарға қолайсыздық тудырады. Сонымен қатар жол басында қосылған салқындатқыш жүйенің кейін өшіріліп, автобустың іші ысып кетуі жолаушылардың наразылығын туғызды.

Тағы бір сұрақ - жүк тасымалы. Көлге баратын адам бір-екі күнге емес, кем дегенде төрт-бес күнге жолға шығады. Демек, жолаушылардың чемодансыз баруы мүмкін емес. Соған қарамастан, автобустың жүк салғышына бір чемодан салғаны үшін кейбір жүргізушілер әр адамнан қосымша 500 теңгеден алып отырды. Бұл төлемнің заңды негізі бар ма? Егер жүк үшін ақы алынатын болса, неге ол билет құнына енгізілмеген? Ал егер енгізілмесе, неге бұл мәселе бақылауға алынбайды деген сұрақ туындайды.

Қоғамдық дәретханалардың ақылы болуы да көпшілікті алаңдатады. Бір қарағанда 100 теңге көп ақша емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жағажай аумағында тегін дәретханалардың болмауы санитарлық мәселелерге әкелмейтініне кім кепіл? Кей демалушылар ақылы қызметтен бас тартып, көлдің өзін пайдаланбайтынына ешкім нақты жауап бере алмайды. Бұл бағыттағы бақылау да көзге түспейді.

Жағажайдағы ақылы дәретхана мәселесіне байланысты көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып көрдік. Телефон тұтқасын көтерген Эльдар есімді азаматтың айтуынша, дәретханалардың ақылы болуы әкімшілік тарапынан бекітілген тәртіп. Оның сөзінше, жиналған қаражат сол жерде қызмет көрсететін жұмысшылардың жалақысына жұмсалады.

Алайда бұл жауап жаңа сұрақтарды туындатады. Туристерден жиналатын қаражаттың жұмсалу тәртібі қалай бақыланады? Жағажай аумағында неге тегін қоғамдық дәретханалар қарастырылмаған? Туристік аймақтың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес пе?

Сондай-ақ жол бойындағы Таскескен мен Үржардағы автовокзалдарда да дәретханалар ақылы қызмет көрсетеді. Бұл нысандардың жұмысына кім жауапты екені және қоғамдық қажеттілік саналатын қызметтердің не себепті ақылы негізде ұсынылатыны да көпшілікті қызықтырады. Әсіресе туристер көп ағылатын маусымда халыққа қолжетімді санитарлық жағдай жасау мәселесі өзекті болып қала береді.

Алакөл бүгінде Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың біріне айналды. Алайда туристер санын көбейтумен қатар, қызмет сапасын арттыру, жолдағы және демалыс аймағындағы мәселелерді шешу де маңызды. Әйтпесе ем іздеп келген демалушы жол азабын, қосымша төлемдер мен қымбатшылықты да қатар арқалап қайтады.

Гүлнұр Ахметжан

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (2)
ТопДок 1