Лента новостей

9 жылдан кейін әділдік орнады: Абай облысында резонанстық адам өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды

қылмыс, ашылды

Абай облысында 2015 жылы Ресей Федерациясының аумағында жасалған аса ауыр қылмысқа қатысты тергеу толық аяқталды, деп хабарлайды Arnapress.kz полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Тоғыз жыл бойы жүргізілген ауқымды іздестіру және тергеу жұмыстарының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар барлық күдіктілер анықталып, жауапкершілікке тартылды.

Тергеу мәліметінше, төрт адам алдын ала сөз байласып, қымбат автокөлікті сатып алу сылтауымен оның иесімен кездескен. Кездесу барысында олар ер адамға шабуыл жасап, бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Кейін қылмыс іздерін жасыру мақсатында жәбірленушіні автокөлікпен қағып кеткен. Ауыр жарақат алған азамат оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыскерлер көлікті иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары тергеуді тоқтатпай, Ресей Федерациясының құзырлы органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізген.

Істі тергеу барысында куәлардан жауап алынып, күдіктілер арасындағы хат алмасулар зерттелген, бейнебақылау жазбалары тексерілген. Сонымен қатар халықаралық және ведомствоаралық сұрау салулар жолданып, қосымша дәлелдер жиналған.

Ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген соңғы күдіктінің жүрген жері 2024 жылы анықталып, Алматы қаласында ұсталды. Бұған дейін қылмысқа қатысы бар тағы үш адам сотталған болатын.

Соңғы айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, Абай облысының соты оны адам өлтіру және қарақшылық шабуыл жасау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Полиция департаментінің мәліметінше, уақыттың өтуіне қарамастан, аса ауыр қылмыстарды ашу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары толық аяқталғанға дейін жалғаса береді.

Фото: ЖИ

Просмотров (164)
ТопДок 1