Лента новостей

Семейде заңсыз алкоголь өндіретін жасырын цех әшкереленді

алкоголь, жасырын цех, әшкереленді

Абай облысында заңсыз алкоголь өнімдерін өндірумен айналысқан жасырын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ҚМА Абай облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, арнайы операция жүргізген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған. Ол спиртті сумен араластыру арқылы өнім дайындап, оны танымал брендтердің атауымен бөтелкелерге құйып отырған.

Заңсыз өнімге заңды сипат беру мақсатында қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.

Тінту барысында құқық қорғау органдары 12 мыңнан астам бөтелке дайын алкоголь өнімін ("Finsky Ice" және "Сибирские морозы" атауларымен), 8 мыңнан астам бос бөтелкені, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтықты, жалған маркаларды және өндіріс жабдықтарын тәркіледі.

Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.

Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз алкоголь өнімдерін тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай өнімдер улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Фото: жасанды интеллект арқылы

Просмотров (176)
ТопДок 1