Лента новостей

Екібастұзда жасырын алкоголь өндіру цехы анықталды

алкоголь, жасырын цех, Екібастұз

Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері үй жағдайында заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан тұрғынды анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz Павлодар облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап. Бұл дерек «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында белгілі болған.

Тексеру кезінде тәртіп сақшылары үй-жайдан белгісіз сұйықтық құйылған 139 пластик бөтелке, сыраға ұқсас шамамен 288 литр сұйықтық, 10 шыны колба және алкоголь өнімдерін қолдан жасап шығаруға арналған арнайы аппаратты тапты. Сонымен қатар спирт өндіруге арналған түрлі құрал-жабдықтар да тәркіленді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, дайын өнімдердің сыртында белгілі брендтердің атауы бар этикеткалар жапсырылған. Алайда олардың ешқайсысында акциздік белгі болмаған.

Тәркіленген алкоголь өнімдері сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және оны дайындауға арналған жабдықтарды сақтау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салады.

Фото: Павлодар облысы Полиция департаменті видеосынан скрин

Просмотров (143)
ТопДок 1