Лента новостей

"Nauryz Sale" акциясы аясында болатын жеңілдіктер

Наурыз, акция, мереке

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық "Nauryz Sale" акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап

Акция аясында сауда нысандары азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 10–70 пайызға дейін мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Жеңілдікпен сатылатын тауарлар сауда залдарында арнайы "Nauryz" тақырыбындағы безендірулер арқылы белгіленеді. Атап айтқанда, тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар орналастырылып, сатып алушыларға акциялық тауарларды оңай табуға мүмкіндік жасалады.

Республикалық акцияға ішкі сауда саласының шамамен 300 субъектісі қатысады. Оның ішінде 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда субъектісі бар. Қатысушылар қатарында еліміздің ірі сауда желілеріндегі орталықтарыда да акцияға қосылады.

Акция шеңберінде отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Сауда орталықтарында қазақстандық тауарлар ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, олар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылмақ.

Сонымен қатар келушілер үшін түрлі интерактивті бағдарламалар қарастырылған. Елдің ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында ұлттық нақыштағы фотозоналар ұйымдастырылады.

Серіктестік аясында Қазақстан бойынша 11 сауда нүктесі бар ұлттық киім дүкені келушілерге ұлттық киімдерді ұсынып, оларды киіп көріп, естелікке суретке түсуге мүмкіндік береді. Мұндай аймақтарды еліміздің бірқатар ірі сауда орталықтарында орналастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, Сауда және интеграция министрлігі "Sauda in Digital Nauryz" республикалық конкурсын өткізеді. Байқау 13–20 наурыз аралығында өтіп, сауда нысандарын мерекелік безендіруде цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді қолдануды ынталандыруға бағытталған.

Қатысушылар өз жобаларын төрт номинация бойынша ұсына алады: "Үздік цифрлық безендіру", "Үздік цифрлық құттықтау", "Жасанды интеллектті үздік пайдалану", "Ең креативті Digital-жоба".

Конкурсқа қатысу үшін Instagram желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілеу қажет.

Жеңімпаздарды сараптамалық комиссия креативтілік, жасанды интеллект технологияларын қолдану, ұлттық бірегейлік, аудитория белсенділігі және жобаның орындалу сапасы сияқты критерийлер бойынша анықтайды. Байқау қорытындысы 20 наурызда жарияланып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталады.

Фото: жасанды интеллект

Просмотров (168)
ТопДок 1