Лента новостей

“Балабақша оған қызықсыз болды”: Түркістанда 4 жаста үш тілде есеп шығаратын дарынды бала өсіп келеді

4 жас, үш тілде есеп, дарынды бала

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында ерекше қабілетімен көзге түскен бүлдіршін өсіп келеді. Небәрі 4 жастағы Әли Адамбек ойша күрделі есептер шығарып, екі және үш таңбалы сандарды қиналмай есептейді. Көбейту амалдарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін орындайтын балақайдың дарыны көпшілікті тәнті еткен. Осыған орай Arnapress.kz тілшісі оның анасы Нұргүл Мырзағалимен сұхбаттасты.

"Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Әли - ең кішісі. 2021 жылдың қазан айында дүниеге келді. Екі жасынан балабақшаға барды. Кішкентайынан ойыншық машиналарға емес, кітап, дәптер, қаламға қызығушылық танытты. Кейін дамытушы ойыншықтар алып бердім - бәрін бірден меңгеріп кететін. Фигуралар, сандар, әріптерді де тез үйренді. Өз бетімен интернеттен қарап, алфавитті үш тілде меңгеріп алды. Бір күні байқасам, ағылшынша сандарды көбейтіп, бөліп отыр екен. Өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Күні бойы жұмыстамын, Әли балабақшаға барады. Оның ерекше қабілетін балабақша тәрбиешілері де байқады. Есептер берсе, бірден шығарып тастап, қайта-қайта жаңа тапсырма сұрайтын болған. Сөйтіп, балабақша оған қызықсыз бола бастады. Үш жастан асқанда тәрбиешілері “Балаңыз қабілетті, мектепке беріңіз” деп кеңес берді. Былтыр қыркүйекте, 4 жасында мектептің даярлық сыныбына бердім. Өзінен жасы үлкен сыныптастарымен тез тіл табысып, оқу бағдарламасын бірден меңгеріп кетті. Таңертең қиналмай тұрады, сабақтан қалғысы келмейді. Үйге келген соң да сұрақтары таусылмайды. Барынша жауап беруге тырысамын», - дейді анасы.

Анасының айтуынша, қазір Әли Алтынтөбе орта мектебінің даярлық сыныбында білім алып жүр. Ұстаздарының айтуынша, ол жоғары сынып оқушылары орындайтын кейбір логикалық есептерді де жылдам шешеді. Мұғалімі Әлия Миятбекова дарынды оқушының білімге деген қызығушылығы ерекше екенін атап өткен. Балақай ұйықтар алдында да есеп шығарып, көбейту кестесін қайталауды әдетке айналдырған.

Әли әліппені толық меңгерген. Қазір ол ағылшын тілінде сауатты жазуды жетілдіруді мақсат етіп отыр. "Маған балабақша емес, мектеп қызық" деген сөзі оның білімге деген құштарлығын аңғартады.

Өңір ұстаздары жас дарынның болашағынан зор үміт күтіп отыр.

Гүлнұр Ахметжан

Фото, видео: анасынан

Просмотров (265)
ТопДок 1