Абай облысында 211 млн теңге жымқырылған: "Агробизнес" жобасы бойынша іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Arnapress.kz Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Абай облысында "Агробизнес" жобасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі әшкереленді. Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу жұмыстарын аяқтады.
Аталған жоба фермерлік шаруашылықтарды қолдауға, мал шаруашылығын дамытуға және агробизнес саласын ілгерілетуге бағытталған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған.
Тергеу мәліметінше, "Ыкыбай" шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар арқылы ірі қара мал сатып алу үшін жалпы сомасы 250 миллион теңгеден асатын екі несие рәсімдеген. Алайда бұл қаражат мақсатты түрде пайдаланылмай, жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Құжаттарда көрсетілген кепіл мүлкі мен мал іс жүзінде сатып алынбағаны анықталды.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 211 миллион теңгені құрады. Тергеу барысында күдікті шығынды толық өтеген.
Қазіргі уақытта оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, мұндай заңбұзушылықтар агробизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдауға деген сенімді әлсіретіп, адал кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар, бұл жағдай саланың тұрақтылығына және жалпы экономикаға кері әсер етуі мүмкін.
Фото: ЖИ
