14 сәуір күні Семей қаласындағы Мичурина 177 мекенжайында орналасқан Tassay моншасында өрт шыққан еді. Оқиға орнына Arnapress.kz тілшісі барып, нысанды көріп қайтты.
Ағаштан салынған монша ғимараты түгелге жуық өртеніп, үстіңгі қабатқа шығу мүмкін болмай қалған. Құлаған ағаш құрылымдар мен қап-қара күйе нысан ішін толық басқан. Ішкі бөлмелерде адамдардың киімдері мен азық-түлік қалдықтары да байқалады.
Монша әкімшілігінің мәліметі бойынша, өрттің шығуына моншадағы жылыту қазандығының шамадан тыс қызуы себеп болуы мүмкін.
“14 сәуір 23:30-да моншаның котёлі қатты қызу себебінен өрт пайда болған. Бірден өрт сөндірушілерді шақырдық. Жылдам келді. Зардап шеккендер жоқ. Алаңдамаңыздар. Және монша бір айдан соң қалпына келеді. Қалпына келтіру жұмыстары болып жатыр, тазартып жатыр”, - дейді Динара Ашимовна.
Қазіргі таңда өрттің нақты себептері анықталып жатыр. Тиісті қызметтер тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген. Монша әкімшілігінің мәліметінше, нысанды қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен.
Фото: Arnapress.kz
