Лента новостей

Өскеменде екі шақырымдық аламан құрақ көрпе жайылып, әлемдік рекордқа ұсынылды

құрақ, көрпе, рекорд, Өскемен

Өскеменде Халықаралық отбасы күніне орай бұрын-соңды болмаған ауқымды мәдени жоба басталды. Елдің 17 облысынан келген құрақшылар "Шығыс Алтай" стадионында ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе тігіп, оны халықаралық рекордтар кітабына енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz altainews.kz-ке сілтеме жасап

Алтайдың әсем табиғатымен астасқан екі шақырымдық алып құрақ көрпе жасыл түспен көмкеріліп, өңір келбетін көркем өрнекке айналдырғандай әсер қалдырды. Жоба аясында 800-ден астам тігінші тек құрақ көрпелерді ғана емес, сонымен бірге ғасырлар қойнауынан жеткен алаша, сырмақ, текемет секілді қолөнер бұйымдарын да ала келіп, қазақы дүниетанымның бай өрнегін паш етті. 

Жобаның авторы Нұргүл Абайхан бұл бастаманың бірнеше жыл бұрынғы арманнан туғанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын құрақ көрпелердің көлемі мен саны артып, ұлттық өнердің ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы жоба халықаралық деңгейдегі ең ірі бастамалардың бірі ретінде тіркелуге ұсынылып отыр.

"Аламан көрпенің ерекшелігі – әр көрпенің артында өз иесі, өз тағдыры, өз тұлғасы тұрады. Шеберлердің жасы алтыдан тоқсан үшке дейін барады. Бұл – бірліктің, шеберліктің, қазақ рухының көрінісі. Елдің әр өңірінен келген аналар мен қыз-келіншектер өз еңбегін бір алаңға жинап, ұлттық мұраны әлемге танытып отыр", - дейді жоба авторы.

Қызылорда облысынан келген топ жетекшісі Үржамал Жайбергенова бұл сапардың рухани маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр буын өкілінің бір алаңда тоғысуы – дәстүр жалғастығының нақты көрінісі.

"Біздің топта сексен сегіз жастағы әжейіміз де, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі шеберлеріміз де бар. Барлығы отыз құрақшы келіп отыр. Алтай төріне табан тіреп, Өскемен халқының ықыласын көру - біз үшін зор қуаныш. Былтыр Медеуде күміс медаль алған едік, биыл алтын төсбелгіден үміттіміз", - дейді ол.

Әлемдік рекордты тіркеу барысын Азия және Африка елдері бойынша рекордтарды тіркеудің бас офицері Қуандық Құдайбергенов түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, барлық деректер арнайы цифрлы жүйе арқылы тіркеліп, халықаралық базаға жіберілуде.

Фото: altainews.kz

Просмотров (134)
ТопДок 1