1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Семей қаласында "Бақытты бала - жарқын болашақ" атты балалар өнер фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Arnapress.kz қалалық әкімдіктің баспасөзіне сілтеме жасап.
Мерекелік шара барысында бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар спорттық және зияткерлік ойындар өткізіліп, аниматорлар балаларға арналған қызықты ойын-сауық бағдарламаларын ұсынды.
Фестиваль аясында балалар шығармашылығы көрмесі, фото-аймақтар және шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше мерекелік атмосфера қалыптасты.
Іс-шараға Әділет Нұрсағатұлы қатысып, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
Қала әкімі өз сөзінде бала - елдің болашағы екенін атап өтіп, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау - басты міндеттердің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол қалада заманауи "Келешек мектептері", дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Оқушылар сарайы пайдалануға берілгенін айтты.
Фестиваль соңында балалар өз өнерлерін тағы бір мәрте көрсетіп, мерекелік кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фото: Семей қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі
